Ресей Қорғаныс министрлігінің «Красная звезда» газеті хабарлағандай, Украина Қарулы күштерімен қақтығыстар болған Курск облысының аумағын минадан тазарту жұмыстарына Солтүстік Корея саперлері жұмылдырылды, деп хабарлайды Malim.kz.
Министрліктің мәліметінше, КХДР әскерилері танкіге қарсы және жаяу әскерге қарсы миналарды, сондай-ақ әртүрлі артиллериялық снарядтарды залалсыздандырып жатыр. Бұған дейін солтүстіккореялық әскери қызметкерлер Ресейдің инженерлік әскерлері оқу орталықтарында қосымша дайындықтан өткен.
КХДР басшысы Ким Чен Ын мен Ресей президенті Владимир Путин 2024 жылы ратификацияланған кең көлемді стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойған болатын. Бұл құжат екі тарапты агрессия жағдайында бір-біріне «қажетті барлық құралдармен» жедел әскери көмек көрсетуге міндеттейді.
2025 жылдың сәуірінде Солтүстік Корея өз әскерилерін Ресейге жібергенін ресми түрде мойындады. КХДР сарбаздары Курск облысы аумағында Украина күштеріне қарсы ұрыстарға қатысқан. Сонымен қатар Оңтүстік Корея мен Батыс елдерінің барлау деректеріне сәйкес, Солтүстік Корея Ресейге артиллериялық снарядтар мен ракеталар жеткізіп отыр. Ал Пхеньянның Мәскеуден спутник ұшыруға байланысты техникалық кеңес алу ықтималдығы жоғары.
Қараша айының басында Сеул Солтүстік Кореядан Ресейге «инфрақұрылымды қалпына келтіру» жұмыстарына қатысу үшін тағы 5 мың әскери жіберілгенін хабарлады. Оңтүстік Корея барлау қызметінің мәліметінше, Украинамен шекара маңына шамамен 10 мың солтүстіккореялық әскери орналастырылған, ал тағы мыңға жуық саперлер мина тазалау жұмыстарымен айналысқан.
Сондай-ақ Сеулдің мәлімдеуінше, 2024 жылдың қыркүйегінде Украинамен шектесетін Ресейдің Курск облысында кемінде 2 мың солтүстіккореялық әскери қаза тапқан.