Malim.kz
Қоғам

"Маған ақшаң да, билігің де керек емес": Тұрсын Алагөзовтің ұлы әкесі туралы ел естімеген шындықты айтты (ВИДЕО)

Мадияр Қапанбек
Dalanews.kz коллажы

Белгілі кәсіпкер Тұрсын Алагөзовтің ұлы Арсен Алагөзов журналист Динара Сәтжанға берген сұхбатында әкесімен арадағы қарым-қатынасы, ұзақ жылға созылған үзіліс және қазіргі қызметі туралы айтты, деп Malim.kz тілшісі Dalanews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Арсеннің сөзінше, ол әкесімен 8 жылдан кейін алғаш рет 2024 жылдың 17 сәуірінде кездескен. Бұл кездесуде ол әкесінің қаржылық мүмкіндігіне немесе ықпалына емес, әкелік мейірім мен жылуға мұқтаж болғанын жеткізді.

"Мен бірден айттым: сенің қаржылай мүмкіндіктерің де, билігің де керек емес. Сегіз жылда "әкем бар" деген сезімнен айырылып қалдым, соны қайта сезінгім келді. Бұл адамның өзіне деген сеніміне де әсер етеді екен. Әкеммен қайта байланысуыма мүмкіндік берген бауырым Әминаға алғыс айтқым келеді", – деді Арсен Алагөзов.

Ол бұған дейін 8 жыл бойы Канадада тұрғанын, кейін Мәскеуде консалтинг агенттігінде жұмыс істегенін айтты. Әкесімен қайта табысқаннан кейін Тұрсын Алагөзов оған Шымкенттегі сыра зауытын басқаруды ұсынған.

Арсеннің айтуынша, анасы, Тұрсын Алагөзовтің бұрынғы жұбайы Ләйсара Маратова бұл шешімге қуанып, ұлына қолдау білдірген.

"Анам қуанды, бірден "сенің қолыңнан келеді" деп қолдау көрсетті. Анамның мен үшін әр түн сайын дұға ететінін білемін, оны күн сайын сеземін", – деді ол.

Қазір Арсен Алагөзов Шымкент сыра зауытының директоры қызметін атқарады. Ал Тұрсын Алагөзов кәсіпорынның қаржы, өндіріс және логистика бағыттарын бақылап отыр.

Айта кетейік, 2024 жылдың ақпанында Тұрсын Алагөзов бұл зауытты Тимур Жаңабаевтан 8 млрд теңгеге сатып алған. Содан бері кәсіпорынға 40 млн доллар көлемінде инвестиция құйылған. Оның шамамен 15 млн доллары жаңа өндірістік ғимараттар, қоймалар, жабдықтар және коммуникациялық инфрақұрылымға жұмсалған.

Еске сала кетейік, Тұрсын Алагөзов Шымкент сыра зауыты қызметкерлеріне қуанышты жаңалығын жеткізген еді. Кәсіпорынның 50 жылдық мерейтойына орай ұжымға 50 пәтер берілген болатын.

Тұрсын Алагөзов кім?

Тұрсынғали Алагөзов – Қазақстандағы FMCG саласында танылған кәсіпкер. Ол 1969 жылы 17 қыркүйекте Алматы қаласында дүниеге келген. Оның әкесі Тұрым – қазақстандық композитор, ал анасы Клара бала тәрбиесімен айналысқан. Алагөзов бала кезінен саудаға бейім болғанын айтып, жасөспірім шағында базар маңында жұмыс істеп, түрлі ұсақ кәсіппен айналысқан. Есейген соң ол Қиыр Шығыста әскери борышын өтеп, кейін Қытайдың Сиань қаласында ауыл шаруашылығын механикаландыру мамандығы бойынша білім алған.

Тоқсаныншы жылдардың басында мамандығы бойынша жұмыс істеп көргенімен, көп ұзамай кәсіпкерлікке бет бұрды. 1998 жылы ол кейін Қазақстандағы сусын нарығының ірі ойыншыларының біріне айналған Galanz Bottlers компаниясының негізін қалады. Компания алғашқы кезеңде "Хрустальная" суын өндіру және тарату ісімен айналысты. 2004 жылы Galanz Bottlers нарыққа Maxi чай салқын шайын шығарып, бұл бренд кәсіпкердің ең танымал жобаларының біріне айналды.

Кейін компания портфеліне Garden, Happy, Daily Fresh, Lime Time, "Первоквас" және Sevens сияқты сусындар енді. Forbes Kazakhstan дерегінше, Galanz Bottlers Қазақстан мен Орталық Азиядағы ірі алкогольсіз сусын өндірушілердің бірі саналады. Компанияның өндірістік қуаты жылдар өте кеңейіп, зауыттар, құю желілері, ПЭТ-преформ, қақпақ, жапсырма және қаптама өндірісі жолға қойылды. Алагөзовтің бизнес жолы әрдайым жеңіл болған жоқ, ол мүліктік даулар мен күрделі кезеңдерден кейін активтерін қайта жинақтап, өндірістік жобаларын кеңейте алды.

Көпшілік оны продюсер Баян Алагөзованың жұбайы ретінде де таниды, алайда оның негізгі кәсіби бағыты – өндіріс пен кәсіпкерлік. 2024 жылы кәсіпкер Шымкент сыра зауытын сатып алып, бұл бағытқа ірі көлемде инвестиция салды. Кейін ол JFood Kazakhstan компаниясының да иесі атанып, ұн және макарон өнімдері нарығына қадам басты. 2025 жылы Тұрсынғали Алагөзов алғаш рет Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша Қазақстанның ең бай кәсіпкерлері тізіміне кірді. 2026 жылғы рейтингте оның дәулеті 160 миллион доллар деп бағаланып, ол тізімде 58-орынға орналасты.

Бүгінде Алагөзов Galanz Bottlers, Шымкент сыра зауыты және JFood Kazakhstan сияқты активтері арқылы сусын және азық-түлік өндірісіндегі ықпалды кәсіпкерлердің бірі ретінде аталады. Оның өмір жолы шағын саудадан бастап, ірі өндірістік компаниялар құруға дейінгі кәсіпкерлік тәжірибенің үлгісі ретінде сипатталады.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары