Malim.kz
Қоғам

МӘМС төңірегіндегі дау: елде жаңа бақылау жүйесі іске қосылмақ

Айбын Атабай
Gov.kz

Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі тіркеу жазбаларын қолдан жасау мен қаржының жұмсалуына қатысты сын көбейді. Осыдан кейін МӘМС 2.0 жаңа моделінің бір бөлігі ретінде Qalqan атты жаңа цифрлық бақылау жүйесі іске қосылды. Бұл туралы Malim.kz Stan.kz сайтына сілтеп хабарлайды. 

Платформаның іске қосылғанын Үкімет отырысында Қаржы министрі Мәди Такиев мәлімдеді. 

“Бүгінде жүйеге 1,6 мыңнан астам медициналық ұйым қосылды. Төлем жасалғанға дейін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорындағы негізсіз есептеулердің алдын алуға мүмкіндік беретін антифрод-бақылау тетігі құрылды”, – деді министр.

Министрдің сөзінше, осы жүйенің көмегімен негізсіз төлемдер азайып, 255,2 миллиард теңге қаржы үнемделеді.

Сонымен қатар цифрландыру білім беру саласында да жүріп жатыр.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, қазір 3 895 мектеп цифрландырылған. Одан бөлек, 4 400 балабақша, 1 337 қосымша білім беру ұйымы, 96 жоғары оқу орны және 230 мыңнан астам студенттің шәкіртақысы қаржыландырылған.

“Білім беру саласының бірыңғай Data Hub платформасы құрылып жатыр. Бұл жүйе қаржыландыру мен шешім қабылдауды нақты деректер негізінде жүргізуге, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын бағалауға мүмкіндік береді”, – деді Мәди Такиев.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары