Malim.kz
Қоғам

"Маңдайыңа әдемі тағдыр жазсын": Сәкен Майғазиев немересіне ат қойды (ФОТО)

Мадияр Қапанбек
Malim.kz коллажы

Танымал әнші Сәкен Майғазиев жаңа туған немересіне ат қойып, қуанышты жаңалығын желідегі оқырмандарымен бөлісті. Өнер иесі парақшасында сүйінші сұрап, сәбидің есімі Әдемі болғанын хабарлады, деп жазады Malim.kz.

Әншінің айтуынша, жақындарымен ақылдаса келе немересіне осы есімді қоюға шешім қабылдаған. Ол сәбидің өмірі де, тағдыры да әдемі болсын деген ниетпен осындай таңдау жасағанын жеткізді.

"Белсенділік танытып, тілектес болғандарыңызға мың алғыс! Жақындарымызбен ақылдаса келе, қасиетті жұма күні, өзі де, өмірі де әдемі болсын деп, Алла тағала әдемі қарттыққа жеткізсін деген ниетпен немереміздің есімін Әдемі деп қойдық. Әдемі Әділетқызы, Алла тағала маңдайыңа әдемі тағдыр жазсын", – деп жазды Сәкен Майғазиев.

Желіде жарияланған видеодан әншінің үйіне жақындарын жинап, дастархан жайғанын көруге болады. Сол жерде сәбиге азан шақырып ат қойылған.

Айта кетейік, Сәкен Майғазиев осыдан бірнеше күн бұрын немерелі болғанын хабарлаған еді. Оның үлкен ұлы Әділ мен келіні Әдия қызды болды. Сондай-ақ танымал әнші Сәкен Майғазиев әлеуметтік желідегі парақшасында қуанышты жаңалығын бөліскен еді.

Сәкен Майғазиев кім?

Сәкен Қордабайұлы Майғазиев – қазақ эстрадасында өзіндік орны бар әнші, продюсер, тележүргізуші, педагог әрі қоғамға танымал өнер қайраткері. Ол 1975 жылы 1 қаңтарда қазіргі Түркістан облысы Созақ ауданында дүниеге келген. Көпбалалы отбасында тәрбиеленген Сәкен бала кезінен өнерге жақын болып, ән айтуға ерте қызыққан.

Болашақ әнші 1993 жылы Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжіне оқуға түсіп, соқпалы аспаптар және эстрада әншісі мамандығы бойынша білім алды. Кейін Тұрар Жүргенов атындағы өнер академиясында эстрада әншісі бағыты бойынша оқуын жалғастырып, кәсіби шеберлігін шыңдады.

Сәкен Майғазиев сахнада ерекше дауыс мәнерімен, сырлы әндерімен және лирикалық орындауымен танылды. 2001 жылдан бастап ол көпшілікке белгілі "МузАРТ" тобының құрамында өнер көрсете бастады. Осы топ арқылы оның есімі елге кеңінен танылып, тыңдарманның сүйікті әншілерінің біріне айналды.

"МузАРТ" құрамында Сәкен Майғазиев қазақ ән өнерінің дамуына үлес қосып, көптеген танымал әндерді халыққа жеткізді. Ол тек сахнадағы орындаушы ғана емес, жас таланттарға бағыт беріп жүрген ұстаз ретінде де белгілі. 2012 жылдан бері Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжінде шәкірт тәрбиелеп келеді.

Өнер иесі телевизия саласында да өзін көрсетті. Ол «Екі жұлдыз» жобасына қатысып, кейін осы бағдарламаның жүргізушісі болды. Сонымен қатар "Жаңа күн" ақпараттық-сазды бағдарламасын жүргізіп, тележүргізуші ретінде де танылды.

Сәкен Майғазиев жас өнерпаздарды қолдап, түрлі шығармашылық жобалар мен байқауларға қатысып келеді. Ол Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағына ие. Сонымен бірге "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанып, бірқатар марапатқа ие болған.

2020 жылы өнертану мамандығы бойынша PhD дәрежесін алу үшін диссертация қорғады. Бүгінде Сәкен Майғазиев қазақ эстрадасының дамуына, ұлттық мәдениет пен өнердің насихатталуына үлес қосып жүрген беделді тұлғалардың бірі саналады.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары