Танымал әнші Сәкен Майғазиев әлеуметтік желідегі парақшасында қуанышты жаңалығын бөлісті, деп хабарлайды Malim.kz.
Өнер иесі Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен "Парасат" орденімен марапатталғанын хабарлады.
Әнші жазбасында алдымен өз сөзіндегі қателігі үшін оқырмандарынан кешірім сұрады.
"Қателігімді мойындаймын. Тұйық етістікпен тіркескен "керек" сөзі жіктелмейтінін біле тұра "алу керек болғанбыз" деп айтыппын, айыпқа бұйырмаңыздар. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Мейрамбек екеумізді "Парасат" орденімен, Кенжебекті "Құрмет" орденімен марапаттады! Ұсынылған марапат ел игілігіне баянды болғай! Күллі қазақ халқына мың алғыс!", – деп жазды ол.
Желі қолданушылары өнер иесін марапатымен құттықтап, жылы лебіздерін жазып жатыр.
Еске сала кетейік, танымал әнші, "МузАРТ" тобының солисі Мейрамбек Беспаев та "Парасат" орденіне ие болған. Сондай-ақ Сәкен Майғазиевтің жұбайы Динара Майғазиева отбасылық өмірге қатысты айтқан пікірі әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен еді.
Сәкен Майғазиев кім?
Сәкен Қордабайұлы Майғазиев – қазақ эстрадасындағы танымал әнші, продюсер, тележүргізуші, ұстаз және өнер қайраткері. Ол 1975 жылы 1 қаңтарда Түркістан облысы, Созақ ауданында дүниеге келген. Сәкен Майғазиев көпбалалы отбасында тәрбиеленіп, жастайынан өнерге жақын болды.
Болашақ әнші 1993 жылы Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжіне оқуға түсті. Онда ол соқпалы аспаптар және эстрада әншісі мамандығы бойынша білім алды. Кейін Тұрар Жүргенов атындағы өнер академиясында эстрада әншісі бағыты бойынша оқуын жалғастырды. Сәкен Майғазиев кәсіби сахнада өзіндік үнімен, нәзік лирикалық әндерімен және орындаушылық шеберлігімен танылды.
2001 жылдан бастап ол әйгілі "МузАРТ" тобының мүшесі болды. Осы топ арқылы оның есімі қалың көрерменге кеңінен танылды. "МузАРТ" құрамында Сәкен Майғазиев қазақ ән өнерінің дамуына елеулі үлес қосты. Ол тек әнші ғана емес, жастарға бағыт-бағдар беріп жүрген ұстаз ретінде де белгілі. 2012 жылдан бері Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжінде шәкірт тәрбиелеп келеді. Сәкен Майғазиев түрлі телевизиялық жобаларға да қатысып, өзін тележүргізуші ретінде көрсетті. Ол "Екі жұлдыз" жобасына қатысып, кейін осы бағдарламаның жүргізушісі болды. Сонымен қатар "Жаңа күн" ақпараттық-сазды бағдарламасын жүргізді.
Өнер иесі жас таланттарды қолдап, балалар байқауларында да белсенділік танытып жүр. Сәкен Майғазиев Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағына ие болған. Сондай-ақ ол "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты және бірнеше мәртебелі марапаттың иегері. 2020 жылы ол өнертану мамандығы бойынша PhD дәрежесін алу үшін диссертация қорғады. Бүгінде Сәкен Майғазиев қазақ мәдениеті мен эстрадасының дамуына үлес қосып жүрген беделді өнер тұлғаларының бірі саналады.