freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

"Сүйінші, ағайын!": Мейрамбек Беспаев асыға күткен қуанышты хабарын елге жеткізді (ФОТО)

Қоғам
"Сүйінші, ағайын!": Мейрамбек Беспаев асыға күткен қуанышты хабарын елге жеткізді (ФОТО)
ашық дереккөзден. Суретте: Мейрамбек Беспаев

Танымал әнші, "МузАРТ" тобының солисі Мейрамбек Беспаев "Парасат" орденіне ие болды, деп хабарлайды Malim.kz.

2026 жылғы 22 мамырда Алматыда мәдениет саласының бірқатар өкілі мемлекеттік наградалармен марапатталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен берілген марапаттарды Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева табыстады.

Мейрамбек Беспаевтың марапат алғанын оның өнердегі әріптесі әрі досы Сәкен Майғазиев әлеуметтік желідегі парақшасында сүйіншілеп хабарлады.

"Сүйінші! Мейрамбек досым "Парасат" орденімен марапатталды. Қазақ өнеріне бергенің де, берерің де көп. Абыройың асқақтай берсін. Ақ жүрегіммен қуаныштымын! Жаса, қазақ өнері!" – деп жазды Сәкен Майғазиев.

Өнер иесінің қуанышына желі қолданушылары да ортақтасып, Мейрамбек Беспаевқа шығармашылық табыс пен абырой тіледі.

Мейрамбек Беспаев туралы

Мейрамбек Беспаев – қазақ эстрадасында өзіндік орны бар танымал әнші, актер әрі термеші. Ол 1976 жылы 7 қарашада Жамбыл облысы Талас ауданында дүниеге келген. Өнер иесі әсіресе лирикалық әндерімен, ұлттық нақыштағы орындау мәнерімен көпшілікке кеңінен танылды.

Мейрамбек Беспаев – "МузАРТ" тобының негізгі мүшелерінің бірі. Оның шығармашылығында қазақтың дәстүрлі өнері мен ұлттық музыкасының ықпалы айқын байқалады. Бала күнінен өнерге жақын өскен әнші алғашқы музыкалық білімін Тараз қаласындағы М.Глинка атындағы музыкалық мектепте алған. Кейін Алматыдағы Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған республикалық музыка мектебінде оқуын жалғастырды.

Жоғары білімді Т.Жүргенов атындағы театр және кино академиясында актерлік мамандық бойынша алған. Еңбек жолын Сүйінбай атындағы филармонияда солист ретінде бастап, халық әндері мен белгілі композиторлардың шығармаларын орындау арқылы тыңдарман ықыласына бөленді.

Әншінің репертуарында Кенен Әзірбаев, Нұрғиса Тілендиев секілді қазақ өнерінің ірі тұлғаларының туындылары бар. Сонымен қатар ол "Қазақконцерт" ұйымында да еңбек етіп, ұлттық сахнаның дамуына үлес қосты.

Мейрамбек Беспаев тек әншілікпен ғана шектелмей, кино саласында да өзін танытты. 2010 жылы «Ғашық жүрек» фильмінде өз бейнесін сомдап, актерлік қабілетін көрсетті.

Өнердегі еңбегі үшін Мейрамбек Беспаев "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығына ие болды. Сондай-ақ оған "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" атағы берілді. Оның шығармашылығы Қазақстанда ғана емес, шетелдік тыңдарман арасында да жоғары бағаланады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Мейрамбек Беспаев жас өнер иесі Еркеш Хасенге автокөлік сыйлап, көпшіліктің ықыласына бөленген еді.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу