Malim.kz
Қоғам

Маңғыстаудың жартасты мешіттері ЮНЕСКО тізіміне енгізілді

Арман Қайыпхан
Фото: Маңғыстау тарихи өлкетану қорығы

Маңғыстаудың жартасты мешіттері (Бекет ата, Шопан ата, Қараман ата, Шақпақ ата, Сұлтан Үпі) ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілген, деп хабарлайды Malim.kz.

Бүгін Корея Республикасының Пусан қаласында өтіп жатқан Дүниежүзілік мұралар комитетінің 48-ші сессиясында осындай оң шешім қабылданған. Бұл туралы ҚР Президентінің Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин өзінің Telegram арнасында хабарлады.

Ерлан Қариннің айтуынша, Мемлекет басшысы 2024 жылы Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен үшінші отырысында Маңғыстаудың жартасты мешіттерін ЮНЕСКО мұралары тізіміне қосу жұмыстарын бастауды тапсырған. ЮНЕСКО тізімінен лайықты орын алу – біз үшін зор мақтаныш. Әрі бұл – үлкен жауапкершілік жүктейтін тарихи жетістік.

«Маңғыстаудың жартасты мешіттері тек құлшылық жасайтын мекен ғана емес, өз заманында білім мен ағартудың өзіндік орталықтары болды. Бұл жартастарда халқымыздың тарихи жады, ата-бабаларымыздың аманаты сақталған. Осылайша, ЮНЕСКО аталған нысандарды көпғасырлық рухани, мәдени, архитектуралық дәстүрлердің озық үлгісі ретінде мойындады», - деді ол.

Сондай-ақ тарихи нысандардың ЮНЕСКО тізіміне енуі әлем назарын кезекті рет Қазақстанға аудартып, отандық туризмге соны серпін әкелетіні, әрі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға жол ашатынын атап өткен.

«Бұл – үлкен жұмыстың басы ғана. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың Атырауда, Түркістанда, Қызылордада өткен отырыстарында ЮНЕСКО тізімдеріне ұлттық номинацияларды қосу ісін жан-жақты жандандыруды тапсырған еді. Дәлірек айтсақ, алдымызда таза ағаштан салынған Жаркент мешіті мен Алматыдағы Вознесенск кафедралды шіркеуін, Қаратау петроглифтерін, хәкім Абайдың «Қара сөздерін» ЮНЕСКО тізімдеріне енгізу міндеті тұр. Біздің ендігі күш-жігеріміз осыған бағытталады», - делінген жазбада.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары