Әнші Тоқтар Серік жақын достары Мейрамбек Бесбаев пен Сәкен Майғазиевпен құдандалы болуға қарсы екенін айтты, деп хабарлайды Malim.kz.
Өнер иесінің сөзінше, ол Мейрамбек Бесбаевты жай дос емес, туған ағайынындай көреді.
"Мейрамбекті досым емес, ағайынымдай жақсы көремін. Мен онымен егіз болып өскенмін. Ал дәл ертең балаларымыз жарасып, оның қызы мен менің ұлым құда боламыз десе, мен үлкен депрессияға түсіп қалуым мүмкін. Себебі, мен Мейрамбегімді ешқашан жамандыққа қимаймын. Былай айтқанда, жан-дүниемнің жартысы сияқты болып кеткен адам. Мен оны ешнәрсеге қимаймын. Ол менімен туыс болып кеткен. Оның баласы менің балам болып кеткен. Менің түйсігім сондай. Сәкен Майғазиевпен де балалық шақтан бірге келе жатырмыз. Ертең біздің балаларымыздың арасында сондай бір от пайда болса, сезім пайда болса, әрине қуаныштымыз. Бірақ дей тұрғанмен, мүмкін емес дүниелерге қимаймын. Мен үшін ол ет-жақыным, ағайыным болып кеткен. Жақындарым. Мен олар үшін бетін ары қылсын, отқа түсіп, суға батуға бармын. Оларды қазақша айтқанда, жауға да, дауға да бермеймін. Құда болайын десем, өкпешіл қазақпыз ғой… Болмайтын дүниеге өкпелеп қойсақ, өмірдегі ең қиын нәрсе осы. Жасыратыны жоқ, достарыммен дос болып қалғым келеді", – деді Тоқтар Серік.
Тоқтар Серік – қазақ эстрадасындағы дара тұлға
Тоқтар Серік – қазақ эстрадасында өзіндік орны бар, көпқырлы өнер иесі. Ол 1976 жылы Шығыс Қазақстан облысының Шұбартау ауданында дүниеге келген. Толық есімі – Тоқтар Кәдірұлы Серік.
Өнерпаз тек әнші ретінде ғана емес, актер, термеші және домбырашы ретінде де кеңінен танылған. Оның шығармашылығы көбіне лирикалық бағытта өрбіп, тыңдарман жүрегіне жақын туындыларымен ерекшеленеді.
Тоқтар Серік 1999 жылы Қазақ ұлттық консерваториясын аяқтаған. Шығармашылық жолында ол Мейрамбек Бесбаев, Қайрат Нұртас және Алтынбек Қоразбаев сынды танымал өнер иелерімен бірге жұмыс істеген.
Әншінің еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланып, оған «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілген. Сонымен қатар ол мемлекеттік "Дарын" жастар сыйлығының лауреаты атанған.
Тоқтар Серіктің өнері ұлттық дәстүр мен заманауи эстраданы шебер үйлестіруімен ерекшеленеді. Ол қазақ музыка мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосып жүрген белгілі тұлғалардың бірі саналады.
Айта кетейік, бұған дейін әнші әлеуметтік желідегі парақшасында жастық шағындағы суретін жариялап, өткен күндерін еске алған болатын. Сондай-ақ Тоқтар Серік әлеуметтік желідегі парақшасында анасына деген сағынышын білдіріп, жан тебірентер жазба жариялаған еді.