АҚШ президенті Дональд Трамп Гренландияға қатысты мәлімдеме жасап, аралды АҚШ бақылауына алуы ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан маңызды екенін айтты. Оның сөзінше, бұл қадам Ресей мен Қытайдың аймақта ықпалын күшейтуіне жол бермеу үшін қажет, деп хабарлайды Malim.kz.
Трамптың осы бір пікірін BBC басылымы журналистерге айтқан сөздеріне сүйене отырып таратқан.
Ақ үй бұған дейін Гренландия аралын сатып алу мүмкіндігін қарастырып жатқанын мәлімдеген. Бұл аумақ Дания құрамына кіретін, бірақ жартылай автономиялық мәртебеге ие әрі НАТО мүшесі саналады. АҚШ әкімшілігі аралды күшпен қосып алу нұсқасын да жоққа шығармаған.
"Елдер меншікке ие болып, соны қорғауы тиіс. Ал жалға алған аумақты қорғау жеткіліксіз. Біз Гренландияны қорғауымыз керек", – деді Трамп BBC тілшісінің сұрағына жауап бере отырып. Ол бұл мәселе "жеңіл жолмен де, қиын жолмен де" шешілуі мүмкін екенін атап өтті.
АҚШ президенті Гренландияның ел қауіпсіздігі үшін стратегиялық маңызы зор екенін бірнеше рет айтқан. Оның айтуынша, арал "ресейлік және қытайлық кемелермен қоршалған". Қазіргі таңда АҚШ-тың 100-ден астам әскери қызметкері Гренландияның солтүстік-батысындағы Питуффик әскери базасында тұрақты түрде орналасқан.
Даниямен жасалған келісімдерге сәйкес, АҚШ Гренландия аумағына қалаған көлемде әскер енгізуге құқылы. Алайда Вашингтонда журналистер алдында сөйлеген Дональд Трамп жалға алу туралы келісімнің жеткіліксіз екенін мәлімдеді.
"Елдер тоғыз жылға немесе тіпті жүз жылға келісімшарт жасай салмауы керек. Олар меншік құқығына ие болуы тиіс. Мен Қытай халқын жақсы көремін. Ресей халқын да жақсы көремін. Бірақ оларды Гренландияда көрші болғым келмейді, бұған жол берілмейді", – деді Трамп.