Malim.kz
Қоғам

"Мені бірнеше рет өлтірмекші болды": Мұхтар Шахановқа кім қастандық жасады? (ВИДЕО)

Мадияр Қапанбек
ашық дереккөзден. Суретте: Мұхтар Шаханов

Қазақтың көрнекті ақыны Мұхтар Шаханов көзі тірісінде қоғамдағы шындықты айту жолындағы күресі мен бастан өткерген қиындықтары туралы ашық пікір білдірген еді, деп хабарлайды Malim.kz.

Ақын бұл ойларын журналист Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында айтқан. Оның сөзінше, соңғы жылдары көпшілік алдына сирек шығуының басты себебі – билікке бағытталған сыни көзқарасы мен ашық пікірлері болған.

Шаханов өз сөзінде Желтоқсан оқиғасы туралы шындықты көтергені үшін түрлі қысым көргенін жеткізген. Ол сол кезеңде мінберлерде халықтың мұң-мұқтажын айтып, маңызды мәселелерді батыл қозғағанын атап өткен.

"Кезінде Желтоқсан жайын айттым. Горбачевті алдадым. Арал мәселесін айтамын деп, мінберде желтоқсан туралы айтты. Мені Горбачев өлтірмекші болған. Мен бірнеше рет өлімнен қалдым. Қазақ тілін – мемлекеттік тіл етейік деген де мен. Кейін де басшылар менің ізіме түсті. Себебі мен туфли жаламаймын. Туфли жалағыштар туралы ашық айтамын. Оным басшыларға ұнамайды. Бірде менің көлігімді апатқа түсіріп, мені өлтірмек болғандар болды. Тіпті ауруханада есімнен танып жатсам, өлі адамдардың қатарына жатқызып қойыпты. Мен бірнеше рет өлімнен қалған адаммын", – дейді ақын. 

Айта кетейік, Мұхтар Шаханов 19 сәуір күні 84 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Ақынның соңғы аманаты орындалып, ол туған жері – Отырар өңіріндегі Арыстан баб кесенесі маңына жерленді.

Сондай-ақ танымал блогер Қайша Керей әлеуметтік желідегі парақшасында қазақтың абыз ақсақалы Мұхтар Шахановтың өмірінің соңғы сәттерінен түсірілген бейнемен бөлісіп, әсерлі жазба жариялаған еді.

Мұхтар Шаханов туралы

Мұхтар Шаханов 1942 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданында дүниеге келген. Ол журналистика мен әдебиет саласында еңбек етіп, "Жалын" журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы қызметтерін атқарған. Сонымен қатар КСРО және Қазақстан Парламентінде депутат болып, 1993-2003 жылдары Қазақстанның Қырғызстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарды.

Ақынның шығармашылығы қазақ әдебиетінің асыл қазынасына айналды. Оның өлеңдері терең философиялық мазмұнымен, азаматтық ұстанымымен және ұлттық рухымен ерекшеленеді. Мұхтар Шаханов көптеген халықаралық және мемлекеттік марапаттарға ие болып, түркі дүниесінде кеңінен танылған тұлға болды.

Ақынның жарқын болмысы, қайсар мінезі мен елге сіңірген еңбегі халық жадында мәңгі сақталатыны анық.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары