Қазақстандық әнші Төреғали Төреәлінің жары Толқын Тұрарбекқызы әлеуметтік желіде көпшіліктің қызығушылығын тудырған жазба жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.
Ол Instagram парақшасында оқырмандарына үн қатып, көптің көкейінде сұрақ қалдырған.
"Сәлем бердім! Қалайсыздар?! Бәрін көріп-біліп отырған шығарсыздар! Менің де айтарым көп! Екінші тарапты күтіп отырмын. Жақсылықтың жаршысы болайық", – деп жазды Толқын Тұрарбекқызы.
Желі қолданушылары бұл жазбаны әртүрлі жорып, оны Төреғали Төреәлінің отбасына қатысты соңғы уақытта тараған ақпараттармен байланыстырып жатыр. Дегенмен Толқын Тұрарбекқызы әзірге жазбасының нақты неге қатысты екенін ашып айтқан жоқ.
Еске сала кетейік, танымал әнші Төреғали Төреәлі отбасында қуанышты жаңалық орын алып, ол жетінші рет әке атанған еді. Өнер иесінің жұбайы Толқын қыз баланы дүниеге әкелді. Осыдан кейін танымал айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабек әлеуметтік желіде ер адамның босану кезінде әйелінің жанында болуы туралы өз көзқарасын білдірген болатын.
Төреғали Төреәлі кім?
Төреғали Төреәлі – қазақстандық эстрада әншісі, актер және көпшілікке "Ұлы дала баласы" деген лақап атымен танылған өнер иесі. Оның толық аты-жөні – Төреғали Төреәліұлы Әлиханов. Әнші 1992 жылы 14 қазанда Қызылорда облысындағы Байқоңыр қаласында дүниеге келген. Ол бала кезінен өнерге жақын болып, сахнаға ерте араласа бастады. Төреғали 2009 жылы Юрий Гагарин атындағы №8 мектепті тәмамдаған. Кейін Алматы қаласындағы Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының колледжінде актер мамандығы бойынша білім алды.
Өнер жолын алғаш айтыс сахнасынан бастаған ол қысқа уақыт ішінде республикалық айтыстарда көзге түсті. Айтыста жүрген жылдары бірнеше мәрте жүлде алып, елге жас ақын ретінде таныла бастады. Кейін ол эстрадаға бет бұрып, әншілік мансабын дамытты. Төреғалидің эстрададағы танымал болуына "Іздеме" әні ерекше әсер етті. Бұл әннің сөзін оның досы Қайнар Алагөзов жазған, ал әнін сазгер Шымберген Сүлейменов шығарған. Кейінгі жылдары әншінің репертуарындағы көптеген туынды да Қайнар Алагөзовтің сөзіне жазылғаны айтылады.
Төреғали Төреәлінің продюсері – әкесі Төреәлі Төлепов. Анасы Аягөз Төлепова орыс тілі пәнінің мұғалімі болған. Әншінің Фариза және Дина есімді екі қарындасы бар. Төреғали отбасылы, бірнеше баланың әкесі. Оның Ерке Есмаханмен бірге орындаған "Алло" әні тыңдарман арасында кең тарап, екі әншінің де танымалдығын арттырды.
Сонымен қатар өнер иесінің есімі түрлі даулы оқиғалармен де қатар аталып жүрді. 2017 жылы Павлодардағы концерті кезінде айтқан сөзі үшін ол көпшіліктің сынына қалды. 2023 жылы әншіге қатысты тағы бір оқиға қоғамда талқыланып, ол әкімшілік жазаға тартылып, көлік жүргізу құқығынан айырылды. Бүгінде Төреғали Төреәлі қазақ эстрадасындағы танымал әрі жиі талқыланатын әншілердің бірі саналады.