Танымал айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабек әлеуметтік желіде ер адамның босану кезінде әйелінің жанында болуы туралы өз көзқарасын білдірді, деп хабарлайды Malim.kz.
Ақынның айтуынша, бұл мәселе жөнінде оған жиі сұрақ қойылады. Ол дәстүрлі қазақ қоғамында әйелді босандыру ісімен арнайы тәжірибелі әжелер мен аналар айналысқанын, ер адамдар бұл процеске қатыспағанын еске алды.
"Мысалы, кеше бір бауырым сұрап жатыр: "Аға, Төреғали әйелінің босануына бірге кіріпті ғой. Сол дұрыс па?" деп. Мен бірден жауап берген жоқпын. Біраз ойландым. Қарадым, сосын барып айттым.
Ей, бауырым. Бұрын қазақтар өзінің әйелін босандырғанда бір ауылда соған маманданған әжелер, аналар, жеңгелер бар болатын. Олар жанашыр болатын, олар тілектес болатын. Келінді де өлтіріп алмайын, бала да аман қалсын деп жан-жақтан қаумалап тұратын. Ол жерге еркек жақындамайтын. Ал енді қазіргі кезде ол роддомда білмейсің: мысалға қайта тумайтын қып буып тастап жатыр ма, тіліп тастап жатыр ма, кесіп тастап жатыр ма, шешіп тастап жатыр ма... Ол жерде неше түрлі ыңғайсыздық туғызып, медбраттар кіріп-шығып жатыр ма. Бөтен медбраттар кіріп, сол жерде келінге ыңғайсыздық танытқаннан гөрі, менің ойымша, күйеуінің қамқор болып, күйеуінің бірге болып, сол жердегі қауіпсіздікті, сол жердегі тыныштықты сақтауға ат салысса дұрыс деп ойлаймын", – деді Мұхамеджан Тазабек.
Еске сала кетейік, танымал әнші Төреғали Төреәлі отбасында қуанышты жаңалық орын алып, ол жетінші рет әке атанған еді. Өнер иесінің жұбайы Толқын қыз баланы дүниеге әкелді.
Төреғали Төреәлі (толық аты-жөні – Төреғали Төреәліұлы Әлиханов) – қазақстандық танымал әнші әрі актер. Ол 1992 жылдың 14 қазанында Байқоңыр қаласында дүниеге келген. Мектепті 2009 жылы Юрий Гагарин атындағы №8 білім ордасында аяқтап, кейін Алматыдағы Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясы колледжінде актерлік мамандықты меңгерді.
Өнер жолын айтыспен бастаған Төреғали қысқа уақыт ішінде республикалық деңгейдегі айтыстарда жеңімпаз атанып, елге таныла білді. Кейін эстрада жанрына бет бұрып, "Іздеме" әні арқылы кең аудиторияның сүйіспеншілігіне ие болды. Оның репертуарында композитор Қайнар Алагөзовтің туындылары ерекше орын алады.
Әнші "той-поп" және рэп бағытында шығармашылықпен айналысып, "Ұлы дала баласы" лақап атымен де танымал. Оның продюсері – әкесі Төреәлі Төлепов, ал анасы Аягөз Төлепова ұстаздық қызмет атқарады. Сонымен қатар, өнер иесінің Фариза және Дина есімді екі қарындасы бар. Төреғали Төреәлі отбасылы, бірнеше баланың әкесі.