Журналист Назерке Шәкірбаева Мұхтар Шахановтың соңғы аманатына қатысты бейнежазба жариялап, ақынның тілегін орындау жолында отбасының қандай қадамға барғанын баяндады, деп хабарлайды Malim.kz.
"Мұхтар Шахановтың соңғы аманаты: жарты жыл бойы жарияламаған видео" деген атаумен ұсынылған жазбада ақынның Отырар топырағына жерлену тілегі мен оған көрсетілген құрмет туралы айтылады.
"Кейде бір адамның соңғы аманатын орындау үшін бәріне қарсы тұруға тура келеді. Ал сол аманатқа адалдық таныту – үлкен ерлік", – деп жазды журналист.
Оның айтуынша, биыл көктемде Мұхтар Шаханов дүниеден өткенде, ақынның қайда жерленетіні қоғамда талқыға түскен. Алматыдағы Кеңсай зиратына жерлеу мәселесі көтерілгенімен, отбасы марқұмның көзі тірісінде Отырарға жерленуді аманат еткенін жеткізген.
Назерке Шәкірбаева бұл мәселені адамның соңғы тілегіне құрметпен қарау деп бағалайды.
"Бұл жай ғана жерлеу орнына қатысты дау емес еді. Бұл – адамның соңғы тілегіне, оның артында қалған аманатына деген құрмет мәселесі болатын", – дейді ол.
Журналистің жазуынша, ақынның жары Ханшайым Шаханова мен келіні Жаңагүл Мұратқызы осы аманатты орындау үшін күш салған. Олар Президент Әкімшілігіне өтініш жолдап, ақынның соңғы қалауын жеткізген.
Ал Ханшайым Шаханова сол күрделі сәтте "Отырарға жерленсін!" деп, жарының тілегін орындауды талап еткен.
Ақыры Мұхтар Шаханов Арыстанбаб кесенесіне жақын орналасқан Қоғам ауылының зиратына жерленді. Ақынды Отырарда ақтық сапарға шығарып салу рәсімі 2026 жылғы 22 сәуірде өтті.
Журналист жазбасында ақынға көзі тірісінде де, дүниеден өткеннен кейін де қолдау көрсеткен кәсіпкер, меценат Серікжан Сейітжановтың еңбегін атап өткен.
Оның мәліметінше, кәсіпкер Мұхтар Шахановтың туған жерінде шығармашылық үйінің салынуына демеушілік жасаған. Ал ақынның жары Ханшайым Шаханова жеткізген дерек бойынша, марқұмның басына салынып жатқан кесененің құрылысын да толық өз мойнына алған.
"Өйткені байлықтың өлшемі тек жиған дүниеңде емес, сол байлықпен қанша игі іс атқарғаныңда болса керек", – деп жазды Назерке Шәкірбаева.
Автор құрылысы аяқталуға жақын кесенені ақын рухына көрсетілген құрмет әрі оның соңғы аманатына адалдықтың белгісі деп бағалаған.
Мұхтар Шаханов кім?
Мұхтар Шаханов – қазақтың көрнекті ақыны, драматург, қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы. Ол 1942 жылы 2 шілдеде дүниеге келген.
Еңбек жолында "Оңтүстік Қазақстан", "Лениншіл жас" газеттерінде қызмет атқарып, кейін "Жалын" журналының бас редакторы болды. КСРО халық депутаты, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. 1993–2003 жылдары Қазақстанның Қырғызстандағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарды.
Мұхтар Шаханов әдеби шығармаларымен қатар, ұлттық мүдде, қазақ тілінің тағдыры және Желтоқсан оқиғасының шындығын көтерген азаматтық ұстанымымен танылды. Өмірінің елеулі бөлігін елдің рухани мұрасы мен ұлттық санасын қорғауға арнады.
2022 жылы қазақ әдебиетін дамытуға қосқан зор үлесі үшін оған "Қазақстанның Еңбек Ері" атағы берілді. Ақын 2026 жылғы 19 сәуірде, 84 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.