Malim.kz
Әлем

Непалдағы су тасқынынан Қазақстан азаматы да хабарсыз кетті

Арман Қайыпхан
Фото: видеодан кадр

Непал мен Қытай шекарасында болған жойқын су тасқыны салдарынан шамамен 350 адам қаза тауып, мыңнан астам адам із-түзсіз жоғалды, деп хабарлайды Malim.kz.

Апат салдарынан ауылдар мен инфрақұрылым нысандары қирады. 

Алдын ала мәлімет бойынша, 1300-ден астам адам хабар-ошарсыз кеткен. Олардың кемінде 700-і шетел азаматтары. Іздеу-құтқару жұмыстары байланыс пен электр энергиясының болмауына, сондай-ақ қажетті ресурстардың тапшылығына байланысты қиындап отыр.

Табиғи апаттан кейін көшкін салдарынан жаңа көл пайда болып, сел мен су тасқынының қайталану қаупі артқан. Қытай мемлекеттік БАҚ-тарының хабарлауынша, алдағы үш күнде өңірде жаңбыр жаууы мүмкін. Көшкіннен пайда болған тұрақсыз бөгеттердің бұзылуы жаңа сел ағындарына әкелуі ықтимал.

Ғалымдар апаттың нақты себебін анықтауды жалғастырып жатыр. АҚШ Геологиялық қызметінің мәліметінше, апатқа мұздықтың опырылуы мен көшкін себеп болған.

Бұған дейін Непалдағы жойқын су тасқынынан кейін Қазақстан азаматының жоғалғаны хабарланған еді. ҚР Сыртқы істер министрлігінің алдын ала мәліметіне сәйкес, ол Непалдан Қытайға шекара асқан туристік топтың құрамында болған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпинге Сицзан автономиялық ауданында болған жойқын селдің салдарынан қаза тапқандарға байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары