2026 жылғы 9 ақпанда Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанның мемлекеттік шекарасында санитарлық-карантиндік бақылау неге күшейтілгенін түсіндіріп, мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Malim.kz.
Ведомство мәліметінше, Оңтүстік-Шығыс Азияның бірқатар елдерінде Нипах вирусына байланысты эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуіне орай, Қазақстанның мемлекеттік шекарасы арқылы өтетін барлық өткізу пункттерінде бақылау шаралары күшейтілген.
«Осы инфекция бойынша қолайсыз жағдай тіркелген елдерден келетін азаматтарға ерекше көңіл бөлінеді. Олардың қатарында Үндістан да бар. Мұндай елдердің тізімі үнемі жаңартылып отырады», – делінген ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Сондай-ақ халықаралық әуежайларда Қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайларға ден қою бойынша ведомствоаралық оқу-жаттығулар өткізіліп жатқаны нақтыланды.
Министрлік медициналық ұйымдардың жоғары дайындық режиміне көшкенін, дәрі-дәрмектер, жеке қорғаныс құралдары мен дезинфекциялық препараттар қоры жеткілікті деңгейде қамтамасыз етіліп жатқанын да хабарлады.
Еске салсақ, бұған дейін Үндістанда емі әлі табылмаған аса қауіпті Нипах вирусының өршуі тіркелген еді.