Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Емі жоқ, өлімге әкелетін қауіпті вирус тарап жатыр: Денсаулық сақтау министрлігі шұғыл мәлімдеме жасады

Әлем
Емі жоқ, өлімге әкелетін қауіпті вирус тарап жатыр: Денсаулық сақтау министрлігі шұғыл мәлімдеме жасады
pexels.com

Үндістанда емі әлі табылмаған аса қауіпті Нипах вирусының өршуі тіркелді. Осыған байланысты Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі ел аумағында аталған инфекцияны жұқтыру немесе оның сырттан әкеліну фактілері анықталмағанын мәлімдеді. Дегенмен, ведомство қауіпті аймақтарға баруды жоспарлаған азаматтарды сақтық шараларын қатаң сақтауға және денсаулық жағдайына мұқият болуға шақырды, деп хабарлайды Malim.kz.

Министрліктің мәліметінше, қазіргі таңда Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Алайда халықаралық сапарлардың көбеюі вирустың басқа елдерге таралу қаупін арттырып отыр.

Нипах вирусы дегеніміз не?

Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы деректеріне сәйкес, Нипах вирусы – зооноздық инфекция, яғни адамға жануарлардан жұғады. Инфекцияның негізгі тасымалдаушылары – жарқанаттар мен шошқалар. Сондай-ақ вирус жұқтырылған тағам өнімдері арқылы немесе науқас адаммен тығыз байланыс кезінде берілуі мүмкін.

1998-1999 жылдары Малайзия мен Сингапурда тіркелген індет кезінде вирус алғашында жарқанаттар арқылы мал азығы мен су көздеріне тараған. Кейін шошқаларға жұғып, одан әрі адамдарға өткен. Адамдар көбіне ауру жануарлармен немесе олардың бөлінділерімен байланыс барысында жұқтырған.

Мамандардың айтуынша, Оңтүстік Азияның бірқатар аймақтарында бұл инфекция маусымдық сипатта қайта-қайта пайда болады. Туризм, іссапарлар мен еңбек көші-қоны да вирустың жаңа өңірлерге таралу қаупін күшейтеді.

Қай өңірде анықталды?

Қазіргі уақытта Үндістанның Батыс Бенгалия штатында Нипах вирусын жұқтырған бес адам тіркелген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл вирусты аса қауіпті патогендер қатарына енгізген.

Осыған байланысты мамандар мынадай алдын алу шараларын ұстануға кеңес береді:

  • жарқанаттармен, шошқалармен және басқа да жануарлармен байланыстан аулақ болу;
  • жеке гигиена талаптарын сақтау, қолды сабынмен жиі жуу немесе антисептик пайдалану;
  • тек қауіпсіз ауызсуды қолдану;
  • шикі құрма шырынын ішпеу және жануарлармен ластануы мүмкін тағамдарды тұтынбау;
  • жеміс-жидек пен көкөністерді мұқият жуып, тазалау.

ҰҚДОО өкілдері дене қызуының көтерілуі, жөтел, қатты бас ауруы сияқты белгілер байқалған жағдайда дереу дәрігерге қаралып, соңғы уақытта қауіпті аймақтарда болғаныңызды міндетті түрде айту қажет екенін ескертті.

Айта кетейік, Үндістанда тіркелген барлық жағдайлар медицина қызметкерлері арасында анықталған. Алғашқы науқас белгілі болғаннан кейін шамамен 100 адамға үй карантинінде болу жөнінде нұсқама берілген.

Мамандар Нипах вирусының мутацияға бейімділігі жоғары екенін атап өтеді. Бұл вирустың жаңа ортаға тез бейімделуіне және кей жағдайда адамның иммундық қорғанысын айналып өтуіне мүмкіндік береді. Ғалымдардың пікірінше, климаттың өзгеруі, орман алқаптарының азаюы және урбанизация адамдар мен жабайы табиғат арасындағы байланысты күшейтіп, жануарлардан адамға жұғатын инфекциялар қаупін арттырып отыр.

ДДСҰ деректеріне сүйенсек, Нипах вирусының өлім-жітім деңгейі өте жоғары – штамына байланысты 40-75 пайызға дейін жетуі мүмкін. Ал аман қалған науқастарда ұзақ мерзімді неврологиялық асқынулар, соның ішінде тұрақты құрысулар мен психоневрологиялық өзгерістер байқалуы ықтимал.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу