Malim.kz
Қоғам

Нұрайдың өлімі: Шымкент полицейлерінің үстінен қылмыстық іс қозғалды

Арман Қайыпхан
Фото: otyrar.kz

Шымкентте 21 жастағы студент Нұрай Серікбайдың қоғамда кең талқыланған өліміне байланысты полиция қызметкерлеріне немқұрайлылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Сенат кулуарында ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.

Қылмыстық іс Президент Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты пікір білдіргеннен кейін келесі күні қозғалған.

Әділовтің айтуынша, іс жәбірленуші тарапынан некеге мәжбүрлеу туралы арыз түскен кезде оны тіркемеген полиция қызметкерлеріне қатысты тергеліп жатыр.

«Немқұрайлылық бойынша қылмыстық істің қозғалуы, ең алдымен, қызметтік міндеттеріне сай жәбірленушінің некеге мәжбүрлеу фактісі бойынша арызын тіркеу үшін шара қолданбаған лауазымды тұлғалардың жауапкершілік аймағына тартылуын көздейді. Біз қазір соны көріп отырмыз. (…) Жәбірленушінің арызын қабылдамаған әрі істі номенклатуралық тәртіппен жауып тастаған лауазымды тұлғалар теріс негіздермен қызметтен босатылды», – деді ол.

Санжар Әділовтің сөзінше, ең алдымен жауапкершілік аудандық полиция басқармасының лауазымды тұлғаларына жүктеледі.

Сонымен қатар тергеу аясында қала полиция департаментінің басшылығына да құқықтық баға беріледі.

Еске салайық, 11 қаңтарда Шымкентте 21 жастағы студент Нұрай Серікбай пышақ жарақатынан көз жұмды. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада қыздың қашуға тырысқаны, кейін қарсылық көрсеткені, ал жас жігіттің оны ұрып-соғып, пышақпен соққы жасағаны көрінеді. Одан кейін ол оқиға орнынан бой тасалаған.

13 қаңтарда полицейлер күдіктіні қала сыртында, шамамен 10 шақырым қашықтықта ұстады. Ол — марқұмның танысы, 28 жастағы жергілікті тұрғын. Ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары