Шымкент қаласының полиция басшысы Нұрлан Алмасбеков студент Нұрай Серікбайдың резонанс тудырған өлімінен кейін қызметінен босатылды, деп хабарлайды Malim.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Ішкі істер министрлігінің Өз қауіпсіздігі департаменті Қаратау аудандық полиция басқармасының қызметкерлері марқұм қыздың туыстарының өтінішін тиісінше қарамаған болуы мүмкін деген дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізіп жатыр», — делінген хабарламада.
Ведомствода қылмыстық іс аясында барлық дерек тексеріліп, оқиғаға қаншалықты жедел әрі толық әрекет етілгені анықталатынын мәлімдеді. Осыдан кейін лауазымды тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі.
«Қоғамдық тәртіпті тиісінше қамтамасыз етпегені үшін Шымкент қалалық полиция департаментінің бастығы мен оның бірінші орынбасары қызметінен босатылды, сондай-ақ бірқатар лауазымды тұлғалар ішкі істер органдарынан шығарылды», — деп хабарлады ІІМ.
Министрлікте заң бұзушылықтардың кез келген түріне, сондай-ақ зорлық-зомбылық пен қатыгездік жағдайларына қатысты қағидатты ұстанымда екені атап өтілді.
«Тергеудің объективтілігі мен толықтығын қамтамасыз ету үшін тәжірибелі қызметкерлерден арнайы тергеу-жедел тобы құрылды», — деді ведомствода.
Еске салайық, 11 қаңтарда Шымкентте 21 жастағы студент Нұрай Серікбай пышақ жарақатынан көз жұмды. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада қыздың қашуға тырысқаны, кейін қарсылық көрсеткені, ал жас жігіттің оны ұрып-соғып, пышақпен соққы жасағаны көрінеді. Одан кейін ол оқиға орнынан бой тасалаған.
13 қаңтарда полицейлер күдіктіні қала сыртында, шамамен 10 шақырым қашықтықта ұстады. Ол — марқұмның танысы, 28 жастағы жергілікті тұрғын. Ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.