Malim.kz
Қоғам

"Обалына қалғым келмеді": Жанар Айжанова екінші күйеуімен неге ажырасқанын айтты

Мадияр Қапанбек
Жанар Айжанова қызы және бұрынғы күйеуімен. Фото: ашық дереккөзден (Фото ЖИ арқылы өңделді)

Танымал актриса, айтыскер әрі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанар Айжанова "Мамский әңгіме" подкастына берген сұхбатында жеке өміріне қатысты сырын бөлісті. Өнер иесі екінші некесінде 20 жыл бірге тұрған жолдасымен не себепті ажырасқанын айтып берді, деп хабарлайды Malim.kz.

Жанар Айжанованың сөзінше, қызы Айжұлдыз дүниеге келгеннен кейін оған бауыр болса екен деп көп тілеген. Кейін екінші рет тұрмыс құрғанымен, бұл некеде ортақ бала сүйе алмаған.

"Айжұлдыздан кейін артынан сіңлісі не інісі болса екен деп тіледім. Жалғыз болмаса екен деп ойладым. Кейін тұрмысқа шықтым, бірақ бұйырмады. Екінші күйеуіммен 20 жыл бірге тұрдық", – деді ол.

Өнер иесі қызы Айжұлдыз тұрмысқа шыққаннан кейін біраз уақыттан соң күйеуімен екі жаққа кеткенін айтты. Оның сөзінше, ажырасу туралы ой бұрыннан болған.

"Біраздан бері солай ойлап жүргенмін. Арамызда бала болмады. Әдетте кінәні әйелден іздейміз ғой. Сондықтан оның обалына қалмайын деп, бір күнде шешім қабылдап, екі жаққа кеттік", – деді актриса.

Жанар Айжанова бұрынғы жұбайының бұған дейін үйленбегенін де атап өтті. Ал қоғамда ортақ баланың болмауына көбіне өзін кінәлағандар болғанын жасырмады.

"Екінің бірі менен көрді. Көрсе, көре берсін. Мен әлі күнге дейін сол кісі балалы болса екен деп тілеймін. Біреуге қастық ойлап, жақсылыққа жетпейсің. Ол – өте жақсы азамат. Бәрі Алланың қолында. Бізге ортақ бала бұйырмады, ал мен оның обалына қалғым келмеді", – деді Жанар Айжанова.

Актрисаның айтуынша, қазір бұрынғы жолдасымен жиі араласпайды. Дегенмен екеуінің арасында сыйластық сақталған.

"Бүгінде араласпаймыз, бірақ сәлеміміз түзу. Жақында бір шаруаға байланысты сөйлестік. Онда тұрған не бар? Ересек адамдармыз", – деді ол.

Сондай-ақ Жанар Айжанова осы сұхбатында қызы Айжұлдызға өміріндегі қиын кезеңде қалай қолдау көрсеткенін айтқан.

Жанар Айжанова кім?

Жанар Мерғалиқызы Айжанова – қазақ эстрадасында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған әнші, айтыскер және актриса. Ол 1968 жылғы 6 ақпанда Ақтөбе облысы Шалқар ауданына қарасты Тұмалыкөл ауылында дүниеге келген. Балалық шағы ауылда өтіп, жастайынан музыка мен сахна өнеріне қызығушылық танытқан.

Ашық деректерде оның өнерге деген ықыласының қалыптасуына анасының әсері болғаны айтылады. 1995 жылы қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің музыка факультетін тәмамдаған. Кейін кәсіби сахнаға шығып, халық әндері мен эстрадалық туындыларды орындау арқылы көпшілікке таныла бастады.

Жанар Айжанова ерекше дауысымен, еркін сахналық мінезімен және көрерменмен тез тіл табыса білуімен ерекшеленді. Ол әншілікпен қатар айтыс өнеріне де араласып, тапқырлығы мен қазақы қалжыңға құрылған сөз саптауымен танылды. Кейін түрлі тележобалар мен ойын-сауық бағдарламаларына қатысып, өнердегі белсенділігін жалғастырды.

Өнер иесі актерлік бағытта да өзін сынап, бірқатар кино және телевизиялық жобада бой көрсетті. Көрермен оны әсіресе комедиялық образдары арқылы жақсы таниды. Ашық деректерде Жанар Айжанованың "Аппақ келін", "Bizdin show" секілді жобаларға қатысқаны көрсетіледі.

Жанар Айжанованың жеке өмірі де көпшілік назарынан тыс қалған емес. Оның Айжұлдыз есімді қызы бар. Айжұлдыз Адайбекова да өнер мен сән саласында танылып, актриса, модель және дизайнер ретінде көпшілікке белгілі болды.

Әнші әр жылдардағы сұхбаттарында отбасы, ана болу, өміріндегі қиын кезеңдер мен тағдырлы шешімдері туралы ашық айтып келеді. Жанар Айжанова 2020 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағына ие болды. Бүгінде ол әнші ғана емес, ашық мінезі, өткір сөзі және халыққа жақын болмысымен танылған өнер иелерінің бірі. Оның шығармашылық жолы ауылдан шыққан өнерлі қыздың табандылық пен еңбек арқылы қазақ сахнасындағы белгілі тұлғаға айналғанын көрсетеді.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары