Танымал әнші Жанар Айжанова "Мамский әңгіме" подкастында сұхбат беріп, қызы Айжұлдызға өміріндегі қиын кезеңде қалай қолдау көрсеткенін айтты, деп хабарлайды Malim.kz.
Өнер иесі қызының ажырасқаннан кейінгі жағдайы оңай болмағанын жасырмады. Дегенмен ол сол сәтте ана ретінде Айжұлдыздың жанынан табылып, ең алдымен оның және болашақ сәбиінің амандығын ойлағанын жеткізді.
"Айжұлдыздың жағдайы, әрине, қиын болды. Айтқым да келмейді. Бірақ бір нәрсені түсіндім – болмайтын нәрсе болмайды. Әдеттегідей қызыма қолдау көрсеттім. "Жылама, қызым, мұңайма. Бәрі уақытша, өтеді-кетеді. Ең бастысы, балаңды аман-есен босанып ал. Керек болмаса, маған керек, саған керек. Ертең рахатын көресің. Ештеңе де қирап қалған жоқ. Ең бастысы – сенің және баланың амандығы", – дедім", – деді әнші.
Жанар Айжанованың айтуынша, қызы кейін өзін қолға алып, баласын аман-есен дүниеге әкелген.
Әнші үміт үзбеу керегін айтып, болашағы жоқ қарым-қатынасты күштеп жалғастырудың қажеті жоқ екенін жеткізді.
"Үмітсіз шайтан. Болмайтын нәрсені ары қарай құрастырып керегі жоқ. Бір әйелді бақытты қыла алмайтын шіркінді әңгіме қылып та қажет емес. Жалпы айтып жатырмын", – деді Жанар Айжанова.
Еске сала кетейік, Жанар Айжанова күйеуі өмірден өткеннен кейін екінші рет тұрмысқа шыққанын және ол некеде 20 жыл өмір сүргенін айтқан еді.
Жанар Айжанова кім?
Жанар Мерғалиқызы Айжанова – қазақ эстрадасының танымал өкілі, әнші, айтыскер және актриса. Ол 1968 жылы 6 ақпанда Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Тұмалыкөл ауылында дүниеге келген.
Өнер иесінің балалық шағы ауылда өтті. Ол мектеп кезінен әнге, сахнаға және музыкаға жақын болып өсті. Ашық деректерге сүйенсек, Жанар Айжанованың өнерге келуіне анасының ықпалы болған.
1995 жылы қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің музыка факультетін тәмамдаған. Кәсіби сахнада халық әндерін, эстрадалық шығармаларды және әзіл-сықаққа жақын сахналық нөмірлерді орындауымен танылды.
Жанар Айжанова кең тынысты дауысы, сахнадағы еркін мінезі және көрерменмен тез тіл табыса алатын табиғи болмысымен ерекшеленеді. Ол әншілікпен қатар айтыс өнеріне де жақын болып, қазақы қалжың мен шешендікке құрылған образдары арқылы көпшілік ықыласына бөленді.
Кейінгі жылдары әнші түрлі тележобалар мен ойын-сауық бағдарламаларына жиі қатысып, халық арасындағы танымалдығын сақтап келеді. Сонымен қатар ол кино мен сериалдарда да бой көрсетіп, актриса ретінде бірнеше жобада ойнаған. Көрермен оны әсіресе комедиялық рөлдері арқылы жақсы таниды. Ашық деректерде оның "Аппақ келін", "Bizdin show" сияқты жобаларға қатысқаны айтылады.
Жанар Айжанова сахнадағы шынайылығы, ашық мінезі және қарапайым болмысы арқылы өз тыңдарманын қалыптастырған өнер иелерінің бірі.
Әншінің жеке өмірі де көпшіліктің назарында. Оның Айжұлдыз есімді қызы бар. Айжұлдыз Адайбекова да елге актриса, модель және дизайнер ретінде танылған.
Жанар Айжанова сұхбаттарында отбасы, ана болу, өмірдегі қиын кезеңдер және тағдыр туралы ашық айтып келеді. Ол 2020 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағын алған.
Бүгінде Жанар Айжанова ел ішінде әнші ғана емес, сөзі өткір, мінезі ашық, халыққа жақын өнер адамы ретінде танылған. Оның өмір жолы ауылдан шыққан қарапайым қыздың талант, еңбек және табандылық арқылы қазақ өнеріндегі белгілі тұлғаға айналғанын көрсетеді.