Malim.kz
Шоу-бизнес

Очоу өзге фильмдерде неге көрінбей кеткенін айтты: Дариға Бадықова Олжас Абайға қандай талап қойды?

• Алуа Әшірбекова
Фото-коллаж: malim.kz\ ЖИ арқылы өңделген

Актер Олжас Абай кейінгі уақытта өзге продюсерлердің фильмдеріне неліктен сирек түсетінін түсіндірді. Аман Тасығанның TALK LIKE подкастына қонақ болған өнер иесі Дариға Бадықовамен шығармашылыққа қатысты қандай келісімге келгенін айтты, деп хабарлайды Malim.kz тілшісі.

Әңгіме барысында жүргізуші актерге кейінгі кезде басқа кинопродюсерлердің жобаларынан көрінбей кеткенін айтып, мұның себебін сұрады. Бұл Олжастың өз таңдауы ма, әлде Дариғаның талабы ма?

Олжас Абайдың айтуынша, екеуі бұл мәселені бірге талқылап, ортақ шешімге келген.

"Бұл Дариғаның талабымен келісіп отырып қойылған Олжастың талабы ғой. Басында талап даму болды, өсу болды, бірге кино түсіру болды", – деді актер.

Өнер иесі бастапқыда шығармашылық тұрғыдан өсіп, бірге фильм түсіруді көздегендерін жеткізді. Кейін бірлескен жұмыстың қаржылық шарттарын да ақылдаса бастаған. Соның ішінде жобаға қаражат қосу, табыстан үлес алу немесе актер ретінде қаламақыға жұмыс істеу мәселелері сөз болған.

Олжастың түсіндіруінше, уақыт өте келе ортақ жобаларға басымдық беру өзінің де қалауына айналған.

"Сол себепті бұл ақылдасып отырып келісілген дүние. Екі жаққа да тиімді болды ма деп ойлаймын", – деді ол.

Актер мұны өзге режиссерлермен жұмыс істеуден біржола бас тарту деп түсінбеу керегін де айтты. Қазір негізгі назары Дариғамен бірге түсіретін фильмдерге ауғанымен, сырттан келетін ұсыныстарды қарастыруға дайын.

"Ол енді бас салып қазақ киносынан отказ беріп кетті деген сөз емес қой. Фокус просто өзіміздің киноға ауысты", – деді Олжас Абай.

Оның сөзінше, көңілінен шығатын сценарий ұсынылса, бұл туралы Дариғамен ашық сөйлеседі. Тіпті мұндай сәтте жұбайына қалай өтініш айтатынын да әзілмен жеткізді.

"Жақсы ұсыныстар кеп қалса, мен Дариғаға: "Айналайын, Дариғаш, мен баса берейін", – деймін. Сол себепті отказ беруге болмайтын сценарийлер бар", – деді актер.

Айта кетейік, бұған дейін Malim.kz Олжас Абайдың Дариға Бадықовамен той алдында ренжісіп қалғаны туралы жазған еді. Актер сол келіспеушіліктен кейін күнделікті тіршілігіне оралуға тырысқанымен, бұрын қуантқан дүниелердің қызығы азайғанын айтқан. Осы жағдай оған Дариғаның өміріндегі орнын түсініп, үйлену туралы шешімге келуге ықпал еткен.

Олжас Абай кім?

Олжас Абай – қазақстандық актер, әнші әрі продюсер. 1991 жылы дүниеге келген. Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында актерлік білім алған. Өнер иесі "Таңшолпан" бағдарламасындағы сұхбатында Оразхан Кенебаевтың сыныбын бітіргенін айтқан. Шығармашылық жолында Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында еңбек етіп, кейін киноға ден қойған.

Ол Ескелді ауданындағы Нұрмолда Алдабергенов ауылында туған. Көрерменге "Парыз", "Қара шаңырақ", "Бәсеке", "Әулет" телехикаялары арқылы таныла бастаған. Кейін "Брат или брак", "Сиситай", "Класстастар" фильмдеріне түскен. Актер сұхбаттарының бірінде "Бәсеке" жобасынан кейін өзге түсірілімдерге шақырту көбейгенін жеткізген.

Көпшілік оны "Очоу" лақап атымен де таниды. Олжас әншілікпен айналысып, "Самса", "Бомба" әндерін орындаған. Өнер иесінің айтуынша, бейнебаяндарының идеясы мен сценарийін әзірлеуге өзі де қатысады.

Кейінгі жылдары актер Дариға Бадықовамен бірлескен киножобаларда жиі көрініп жүр. Екеуі "Таптым-ау сені" фильмі мен оның жалғасында басты кейіпкерлерді сомдады. Шығармашылық серіктестігі отбасылық өмірге ұласқан қос өнер иесі 2026 жылғы 12 қазанда Алматыда үйлену тойын өткізді.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары