Malim.kz
Спорт

"Ол кезде бала едік": Бибісара Асаубаева өзбек шахматшысымен қарым-қатынасы туралы құпияны айтты

Мадияр Қапанбек
Фото: ашық дереккөзден

Қазақстанның белгілі гроссмейстері Бибісара Асаубаева өзбекстандық шахматшы Жавохир Синдаровпен арадағы байланысы қашан басталғанын айтып, оқырмандарымен қуанышты сәттерін бөлісті, деп хабарлайды Malim.kz.

Шахмат сүйер қауым екі дарынды спортшының арасындағы жылы қарым-қатынасты әлдеқашан байқаған. Бұған олардың әлеуметтік желілердегі бірге түскен суреттері де дәлел. Бибісара жақында өз Telegram-арнасында ескі мұрағаттарды парақтап отырып, ностальгияға берілгенін жазды.

"Содан бері бес жыл өтіпті..."

Бибісараның айтуынша, олардың таныстығы мен достығына бес жылдан астам уақыт болған. Алғаш араласа бастағанда екеуі де тым жас еді: Бибісара 17-де, ал Жавохир 16 жаста болған.

"Мұрағатты тазалап отырып, 2022–2025 жылдардағы суреттерді көрдім. Өкінішке қарай, 2021 жылғы фотолар өшіп кетіпті, ол кезде тіпті бала едік. Содан бері есейіп, өзгергеніміз байқалады. Бірақ ең бастысы – бір-бірімізге деген қолдауымыз бен бірге өсіп-өркендеуіміз еш өзгерген жоқ", – деп бөлісті шахматшы.

Сонымен қатар ол достықтарының бас кезіндегі шахматтық рейтингтерін де еске алды:

Өсек-аяңға жауап

Бибісара соңғы кездері әлеуметтік желіде тараған қауесеттерге де тоқталып өтті. Кейбір қолданушылардың "олар Жавохир Әлем кубогын жеңіп алғаннан кейін ғана кездесе бастады" деген пікірлеріне күлкісі келетінін жасырмады.

"Қазір екеуміз де өз санатымызда әлемнің үздік бес шахматшысының қатарындамыз. Сондықтан мұндай қауесеттер тек күлкі тудырады", – деді ол.

Бибісара жариялаған суреттерінің астына "besties" (жан достар) деп жазып, шексіздік пен тұмар («көз тимесін») белгілерін қалдырған. Қазіргі уақытта қос гроссмейстер АҚШ-тың Майами қаласында жүр.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары