Malim.kz
Қоғам

"Олардың әкелеріне де айттым": Медеу Арынбаев өнердегі інілері туралы шындықты айтты

• Мадияр Қапанбек
Фото-коллаж: Malim.kz / ЖИ

Қазақстандық танымал әнші Медеу Арынбаев кезінде Төреғали Төреәлі мен Қайрат Нұртас туралы айтқан пікірлеріне түсініктеме берді. Өнер иесі сөздерінің көпшілік арасында қызу талқыланғанын айтып, екі әншіні де ренжітуді мақсат етпегенін жеткізді, деп хабарлайды Malim.kz.

Жақында 60 жасқа толатын Медеу Арынбаев Stan.kz YouTube арнасына берген сұхбатында шығармашылық жолында айтқан кейбір пікірлері өзіне ыңғайсыз жағдай туғызғанын жасырмады. Әншінің айтуынша, әсіресе Төреғали Төреәлі мен Қайрат Нұртасқа қатысты сөздері қоғамда түрлі пікір туғызған.

"Төреғалиды классикалық әнші емес дегім келген"

Медеу Арынбаев кезінде Төреғали Төреәлінің әншілік қабілеті туралы айтқан сөзінің дұрыс түсіндірілмегенін жеткізді.

"Менің екі пікірім ел арасында қатты талқыланды. Бірі – Төреғали әнші емес дегенім, екіншісі – Қайрат Нұртас демалуы керек дегенім. Екеуі де маған ренжіген шығар", – деді өнер иесі.

Оның сөзінше, Төреғали туралы пікірі әншінің өнерін жоққа шығаруды білдірмеген.

"Төреғалиға қатысты айтқан ойымды дұрыс жеткізе алмадым. Мен оны жоғары деңгейдегі классикалық әнші емес дегім келген", – деп түсіндірді Медеу Арынбаев.

Қайрат Нұртасқа неге демалуға кеңес берген?

Әнші Қайрат Нұртасқа қатысты пікірінің де басқа мағынада қабылданғанын айтты. Ол Қайратқа сахнадан біржола кету туралы емес, дауысын қалпына келтіру үшін уақытша үзіліс жасау жөнінде кеңес бергенін жеткізді.

"Қайратқа өнерден кетсін деген жоқпын, дауысын дұрыстау үшін уақытша үзіліс алсын деген ағалық пікірімді білдірдім. Бірақ мені ешкім дұрыс түсінбеді", – деді ол.

Медеу Арынбаев бұл мәселеге қатысты кейін екі әншінің әкелерімен де сөйлескенін айтты.

Еске сала кетейік, Медеу Арынбаев жеке өмірі мен екінші рет шаңырақ көтеру мәселесіне қатысты пікір білдірген еді.

Медеу Арынбаев кім?

Медеу Арынбаев – қазақ эстрадасының танымал әншісі, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол 1967 жылғы 5 наурызда қазіргі Түркістан облысының Сарыағаш ауданына қарасты Дарбаза ауылында дүниеге келген.

Өнер иесі 1990 жылы Ташкент қаласындағы эстрадалық студияны бітірген. Кейін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде музыкалық-педагогикалық бағытта білім алған.

Әншілік жолын әйгілі "Гүлдер" ансамблінде бастаған Медеу Арынбаев кейін "АБК" тобының құрамында өнер көрсетіп, халыққа кеңінен танылды. Аталған топта Қыдырәлі Болманов және Ерлан Көкеевпен бірге ән шырқады.

Шығармашылық жолында халықаралық байқауларда жүлделі орындарға ие болған әнші 2002 жылы "Алтын адам" ұлттық сыйлығымен марапатталды. Ал 2015 жылы оған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағы берілді.

Жарынан айырылған әнші екі баласын өзі тәрбиеледі

Медеу Арынбаевтың жеке өмірі де көпшілікке белгілі. Өнер иесінің жұбайы Айгүл Үмбетәлиева 2010 жылы дүниеден өткен. Ерлі-зайыптылардың Дәулет есімді ұлы мен Даяна есімді қызы бар.

Әнші өмірлік серігінен айырылғаннан кейін екі баласының тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Ол сұхбаттарында марқұм жарына деген сағынышы, отбасылық жауапкершілік пен махаббат туралы жиі айтады.

Медеу Арынбаев қайта шаңырақ көтеру мүмкіндігін біржола жоққа шығармайтынын да жеткізген. Дегенмен өнер иесі үшін отбасы құндылығы мен балаларының болашағы әрдайым маңызды орын алады.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары