Malim.kz
Қоғам

"Олжас үйленейік деп предложение жасады": Дариға Бадықова ел естімеген құпиясын ашты

• Мадияр Қапанбек
Дариға Бадықова мен Олжас Абай. Фото-коллаж: Malim.kz / ЖИ

Белгілі актриса Дариға Бадықова актер Олжас Абаймен арадағы қарым-қатынасы туралы ашық айтты. Өнер иесі журналист Айнұр Асанбердіге берген сұхбатында Олжас Абайдың өзіне үйленуге ұсыныс жасағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.

Актрисаның айтуынша, ол ұсынысты қабылдағанымен, бастапқыда болашақ қарым-қатынастарының қалай өрбитініне алаңдаған.

Дариға Бадықова бұған дейін отбасылы болғанын ескеріп, мұндай шешім қабылдау өзі үшін оңайға соқпағанын жеткізді.

"Үйленейік деп "предложение" жасады. Іштей келістім. "Қалай болады екен?" деп іштей уайымдадым. Оның алдында тұрмыста болғансың... Уайымдап, келістім. Бәрібір келіспей қоймайсың ғой, арада махаббат бар. Махаббат болғаннан кейін кете алмайтыныңды біліп тұрсың ғой", – деді актриса.

Өнер иесі екеуінің арасында сезім болғанымен, мінездерінің күрделілігі қарым-қатынастарына әсер еткенін де жасырмады. Оның сөзінше, кей кездері бір-бірінен алыстауға тырысқан сәттері де болған. Алайда екеуі де сезімдерінен бас тарта алмаған.

"Кетші" дегеннің өзінде бір-бірімізден кете алмаймыз. Бірақ "кетші" деп екеуміз бір-бірімізге айттық. Өйткені екеуміздің мінезімізге төтеп беру оңай емес, кішкене қияли адамбыз, екеуміз де аяққа тұрған адамбыз. Бізге сәл қиын болды", – деді Дариға Бадықова.

Актриса екі адамның да өзіндік көзқарасы мен қалыптасқан мінезі болғандықтан, бір-біріне бейімделу оңай болмағанын атап өтті.

Еске сала кетейік, бұған дейін Белгілі актер Олжас Абай актриса Дариға Бадықовамен арадағы қарым-қатынасына қатысты бұрын көпшілікке айтылмаған жайттарды бөліскен.

Дариға Бадықова кім?

Дариға Бадықова – қазақстандық танымал актриса, продюсер және отандық кино саласының белгілі өкілдерінің бірі.

Ол 1985 жылы 1 желтоқсанда Жамбыл облысында дүниеге келген. Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Музыкалық драма және режиссура» мамандығы бойынша білім алған.

Өнердегі алғашқы қадамдарын театр сахнасында жасаған Дариға Бадықова кейін кино және телехикая саласына бет бұрды.

Актриса әсіресе "Келінжан" телехикаясындағы Айсара рөлі арқылы қалың көрерменге кеңінен танылды. Оның экрандағы кейіпкері мен актерлік шеберлігі көпшіліктің ықыласына бөленді.

Сонымен қатар Дариға Бадықова "Қазақша бизнес", "Гудбай, мой бай!", "Хотя бы кинода 2" және басқа да отандық киножобаларға қатысқан.

Кейінгі жылдары актриса продюсерлік қызметпен де белсенді айналыса бастады. Оның қатысуымен жарық көрген танымал жобалардың бірі – "Таптым-ау сені" фильмі.

Аталған картинада Дариға Бадықова Олжас Абаймен бірге басты рөлдердің бірін сомдады. Фильм көрермен қызығушылығын тудырып, кейін оның жалғасы да түсірілді.

2026 жылы актриса құтқарушылардың өмірі мен қызметін арқау еткен жаңа киножобаны қолға алғанын хабарлады. Түсірілім жұмыстары Өскемен қаласында жүргізілген.

Олжас Абай кім?

Олжас Абай – қазақстандық кино және театр актері, продюсер. Ашық дереккөздердегі мәліметке сәйкес, ол 1991 жылы дүниеге келген.

Болашақ актер Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында білім алған. Шығармашылық жолын театр сахнасынан бастап, Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында еңбек еткен.

Кейін кино саласына бет бұрып, түрлі жанрдағы фильмдерге түсе бастады.

Олжас Абай көрерменге "Брат или брак", "Сиситай", "Класстастар", "Базар жоқ, Мексика!", "Zero", "Ауылбайский участковый", "Хотя бы кинода 2" және "Таптым-ау сені" фильмдері арқылы таныс.

Өнер иесі актерлік қызметпен шектелмей, продюсерлік, әншілік және жүргізушілік бағыттарда да өзін сынап көрген.

Дариға Бадықова мен Олжас Абайдың шығармашылық жолдары бірнеше киножобада тоғысты. Соның ішінде "Таптым-ау сені" фильмі мен оның жалғасында екеуі басты кейіпкерлерді сомдады.

Уақыт өте келе олардың шығармашылық байланысы жеке қарым-қатынасқа ұласты. Енді Дариға Бадықова алғаш рет Олжас Абайдан үйленуге ұсыныс алған кездегі сезімі мен екеуінің арасындағы қиындықтар туралы ашық айтып отыр.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары