Malim.kz
Қоғам

Оралда 96 жастағы тыл еңбеккері әлеуметтік төлемсіз қалған

Сабина Асқарқызы
КТК

Оралда 96 жастағы тыл еңбеккері Сәндеш Жапашева Жеңіс күніне орай берілетін әлеуметтік төлемді ала алмай, мерекелік құттықтаудан да тыс қалған, деп хабарлайды Malim.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Сәндеш Жапашева – еңбек сіңірген ұстаз, мектептің бұрынғы директоры, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің бұрынғы депутаты. Ол Еңбек Қызыл Ту орденімен және бірқатар медальмен марапатталған, білім беру саласының үздігі ретінде танылған.

Зейнеткердің туыстары мәселенің мән-жайын анықтауға тырысқанда, ХҚКО мамандары мұны техникалық ақаумен байланыстырған. Олардың айтуынша, әжейдің деректері мемлекеттік жүйеден жоғалып кеткен.

Зейнеткердің немересі Ернар Әлдекешевтің айтуынша, мәселе қаржы көлемінде емес, әжесінің ескерусіз қалғанында.

Төлемге жауапты мекеме өкілдері бұған дейін төлем алушылар тізімі белгілі бір дерекқор негізінде қалыптастырылып келгенін, ал қазір ақпарат мемлекеттік электронды жүйелер арқылы тексерілетінін түсіндірді. Осы процесс барысында Сәндеш Жапашеваның аты тізімнен шықпаған.

Орал қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі өкілдерінің мәліметінше, зейнеткердің тіркеуі 9 мамырдан кейін ғана қайта қалпына келтірілген. Сондықтан жүйе оны мерекелік төлем алушылар қатарына автоматты түрде қоспаған.

Соған қарамастан, жауапты органдар тіркеудің не себепті жойылғанын анықтап жатыр. Егер техникалық қателік расталса, Сәндеш Жапашеваға тиесілі төлем толық көлемде беріледі.

Айта кетейік, ардагердің марапаттары мен өмір жолына қатысты құжаттар Оралдағы облыстық өлкетану музейінде сақтаулы. Алайда электронды жүйедегі ақау салдарынан қоғамға еңбегі сіңген жан мемлекеттік тізімнен тыс қалып қойған.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары