Malim.kz
Қоғам

"Отбасымыздағы қуанышты жаңалық": Сара Тоқтамысова әулетіндегі сүйінші хабарды жеткізді

Мадияр Қапанбек
Сара Тоқтамысова. Фото: ашық дереккөзден (Фото ЖИ арқылы өңделді)

Танымал айтыскер ақын Сара Тоқтамысова туған күнінде інісі Дидарға автосалоннан су жаңа көлік сыйлады. Өнер иесі ерекше сәттің видеосын әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.

Ақынның айтуынша, інісі бала күнінен оның айтыстан көлік ұтып жүргенін көріп, 18 жасқа толғанда өзіне де темір тұлпар сыйлауын сұрайтын болған.

"Үлкен айтыс сахнасына алғаш 16 жасымда шықтым. Сол 16 жасымда әкеме алғаш рет көлік мінгіздім. Одан кейін де Алланың қалауымен айтыстан қаншама көлік ұттым. Сол көліктердің шын иесі мен емес, әкем еді. Сата ма, өзі міне ме, біреуге бере ме – бәрін әкем өзі шешетін. Мен үшін әкеме берген дүниемнің есебін жүргізу деген болған емес.

Менен кейін Дидар деген інім бар. Бала ғой… Менің көлік ұтып жүргенімді көріп: "Мен 18-ге толғанда, маған да бір көлік сыйлайсың ғой, иә?" – деп күлімдеп жүретін. Сөйтіп, ол 18-ге толамын деп жүргенде, мен тұрмысқа шығып кеттім.

Тұрмыс құрған соң өмірдің де есебі өзгереді екен. Енді менің тапқан-таянғаным – отбасымыздың ортақ дүниесі. Жас отбасы болдық. Өз шаңырағымызды көтеру, жағдайымызды жасау, балалар… Өмір өз ағысымен кете берді. Жылдар өтті. Әрқайсымыз өз алдымызға отау құрдық. Дидар да шаңырақ көтерді. Арнатай екеуі ұлды болды. Алланың қалауымен екі ұлы ерекше бала болып дүниеге келді. Мен оларға үнемі: "Бұл – Арнатай екеуіңе ғана берілген сабақ емес. Бұл – бәрімізге берілген сабақ. Сондықтан бұл сабаққа бәріміз қатысуымыз керек. Біріміз дұғамен, біріміз қолдаумен, біріміз қолымыздан келген көмегімізбен", – деймін.

Өйткені бауырдың қиындығы – тек оның қиындығы емес. Содан бері ішімнің бір түкпірінде баяғы 18 жастағы Дидардың күлімдеп тұрып айтқан бір ауыз сөзі қалып қойған екен… "Маған да бір көлік сыйлайсың ғой, иә?"

Кеше сол сөз есіме ерекше оралды. Ешкімге ештеңе айтпадық. Жай ғана шайға шақырдық. Оның үстіне кеше – туған күні. Ал шайдың соңында…

Бауырымызға автосалоннан су жаңа көліктің кілтін ұстаттық. Сол сәтте менің көз алдыма бүгінгі Дидар емес, баяғы 18 жасқа толуды асыға күтіп жүрген інім келгендей болды… Кейбір уәделер кеш орындалады екен. Бірақ ұмытылмайды. Сөйтіп, менің тағы бір +1 гештальтым жабылды. Бауырым, жаңа көлігің құтты болсын! 100 жаса! Арнатайыңмен бірге бақытты ғұмыр кешіңдер. Шаңырақтарыңнан береке кетпесін. Үш балапандарыңның қызығын көріңдер. Алла дендеріңе саулық беріп, қатарға қосылып, ел сүйсінер үлкен азамат болған күндерін көруді нәсіп етсін", – деп жазды Сара Тоқтамысова.

Еске сала кетейік, бұған дейін тағы бір айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева өміріндегі күрделі кезеңдердің бірі туралы айтып, сол уақытта қаржылық қиындықтарға тап болып, ұзақ уақыт бойы күйзелісте жүргенін еске алған еді.

Сара Тоқтамысова кім?

Сара Тоқтамысова – қазақ айтыс өнерінде танылған ақындардың бірі. Ол 1986 жылғы 29 наурызда қазіргі Абай облысының Ақсуат ауданында дүниеге келген. 2003 жылы Семей қаласындағы №5 гимназия-мектебін тәмамдаған. Кейін Семей педагогикалық институтында білім алып, 2008 жылы филолог-оқытушы мамандығын үздік бітірген.

Сара Тоқтамысованың айтысқа қызығушылығы мектеп жасынан басталған. Оқушы кезінде-ақ сөз сайыстарына қатысып, алғашқы жүлделерін иеленген. Осы жетістіктерінен кейін ол облыстық және республикалық деңгейдегі айтыстарға қатыса бастады. 2003 жылы "Тілім менің – түңілмегін" республикалық ақындар айтысында екінші орын алған. Сол кезеңде Дулат Бабатайұлының мерейтойына арналған айтыста бас жүлдеге ие болған. Кейін Мәскеу, Бішкек және Ташкент қалаларында өткен айтыс пен мәдени шараларға қатысып, жүлделі орындар иеленді.

2005 жылы Райымбек батырдың 300 жылдығына арналған айтыста бас жүлде алған. 2006 жылы Қытайдағы қазақтар тұратын бірқатар қалаға өнер сапарымен барып, айтыс өнерін таныстырған. 2008 жылы қазақстандық ақындармен бірге Францияда өнер көрсеткен. 2010 жылы Қазақстан Конституциясының 15 жылдығына арналған республикалық айтыста бас жүлде иеленген. 2012 жылы Сара Тоқтамысова "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының иегері атанды. Азаттық радиосы 2010 жылы ақынның республикалық айтыстарда он шақты рет бас жүлде алғанын жазған.

2017 жылы Талдықорғанда Ескелді би Жылгелдіұлының 325 жылдығына арналған республикалық айтыста бас жүлдені жеңіп алды. Бірнеше жылдық үзілістен кейін ол 2023 жылы Абай облысының Таскескен ауылында өткен айтысқа қатысып, бас бәйгеге ие болды. 2025 жылы Қызылордада ұйымдастырылған "Үш дәуірдің астанасы – Қызылорда" республикалық айтысында да бас жүлдені қанжығасына байлады. Сара Тоқтамысова осылайша мектеп кезінен басталған шығармашылық жолын жалғастырып, қазіргі қазақ айтысындағы көпшілікке кеңінен танылған ақындардың біріне айналды.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары