Танымал әншілер Мирас пен Құралайдың отбасында қуанышты жаңалық болды. Жұлдызды жұптың қызы тұрмысқа шықты, деп хабарлайды Malim.kz.
Бұл туралы тележүргізуші Анна Данченко әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. Ол жас жұбайлардың неке қию туралы куәлікті ұстап тұрған суретін жариялаған.
"Мирас пен Құралайдың шаңырағында той! Жұлдызды жұптың қызы тұрмысқа шықты. Құтты болсын!" – деп жазды тележүргізуші.
Желі қолданушылары жас жұбайларға бақыт тілеп, өнерлі отбасының қуанышына ортақтасып жатыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін тағы бір жұлдызды жұп Жұлдыз Әбдікәрімова мен Қайрат Нұртас бірнеше қалада шығармашылық кеш өткізуді жоспарлап отырғандарын мәлімдеген еді.
Мирас пен Құралай кім?
Мирас пен Құралай Бекжановтар – қазақ эстрадасында отбасылық дуэт ретінде кеңінен танылған өнер иелері. Өнерлі жұп классикалық вокал мен эстрадалық музыканы қатар алып жүруімен ерекшеленеді. Мирас Бекжанов 1974 жылғы 25 сәуірде Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Ол Ақтөбедегі Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледждің дирижерлік бөлімінде білім алған. Кейін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының вокал бөлімін тәмамдаған. Құралай Бекжанова 1976 жылғы 8 наурызда Шығыс Қазақстан облысының Бесқарағай ауданындағы Грачи ауылында туған. Ол да Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында кәсіби музыкалық білім алды. Болашақ ерлі-зайыптылардың танысып, шығармашылық жолдарының тоғысуына осы консерватория себеп болды.
Мирас пен Құралай еңбек жолының алғашқы кезеңінде Ақтөбедегі Ғазиза Жұбанова атындағы мемлекеттік филармонияда қызмет етті. Олар Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледжде ұстаздық етіп, оркестр мен хор құрамында классикалық шығармалар орындады. Сонымен қатар жұп эстрадалық әндер айтып, түрлі концерттер мен мерекелік кештерге қатыса бастады. Кейін «Нұр-Мұқасан» тобының мүшесі Мұқасанның ұсынысымен өнердің үлкен ортасы саналатын Алматыға қоныс аударды. Алматыда олар продюсер Бағлан Омаровпен танысып, әндерін кәсіби тұрғыда өңдеп, жаңа шығармашылық кезеңге қадам басты.
Мирас пен Құралайдың репертуарында махаббат, отбасы, сыйластық және адамгершілік құндылықтарын дәріптейтін лирикалық әндер басым. Олардың «Асыл жарым» атты алғашқы ән жинағы жарық көріп, осы аттас әні жұптың танымал туындыларының біріне айналды. Кейін дуэт тағы бір ән жинағын шығарып, көптеген ән мен бейнебаян ұсынды. Әншілер жеке концерттерін жанды дауыста және үлкен оркестрдің сүйемелдеуімен өткізіп, классикалық дайындықтарын эстрадалық сахнада шебер пайдаланды.
Өнерлі жұп орындаушылықпен қатар ұстаздыққа да көңіл бөліп, Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында шәкірт тәрбиеледі және бірнеше қалада өнер студияларын ашты. Мирас пен Құралай төрт баланың ата-анасы атанып, отбасылық өмір мен шығармашылықты қатар алып келе жатқан жарасымды жұп ретінде көпшілікке үлгі болды.
Мирас Бекжановтың мәдениет саласына қосқан еңбегі мемлекет тарапынан бағаланып, оған «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.