Malim.kz
Қоғам

Өтініштен нақты іске дейін: «Қазақмыс» кеніштерге апаратын жолдарды жөндеп жатыр

Арман Қайыпхан
Фото: Қазақмыс

Жезқазған өңірінде «Қазақмыстың» кеніштері мен өзге де өндірістік нысандарына апаратын автомобиль жолын жөндеу жұмысы жүргізілуде, деп хабарлайды Malim.kz.

Кірме жолдың жай-күйі компания басшылығының еңбек ұжымымен өткізген кездесуі барысында жұмыскерлер тарапынан бірнеше рет көтеріліп, шешім қабылданған шаралар тізіміне енгізілген болатын.

Қазіргі уақытта «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-мен жасалған келісімшарт негізінде мердігер ұйым Батыс Жезқазған кенішінің №73-75 және №67 шахталарына, сондай-ақ Оңтүстік Жезқазған кенішінің №65 шахтасына апаратын автомобиль жолының асфальт-бетон жабынына ағымдағы жөндеу жұмысын жүргізуде.

2026 жылғы құрылыс маусымында №55 шахта басқармасына, «Анненск» шахтасына және Шығыс Жезқазған кенішінің №57 шахтасына апаратын автомобиль жолдарын да жөндеу жоспарланған. Бұдан бөлек Мамандандырылған жөндеу-механикалық басқармасына апаратын кірме жолды жөндеу, сондай-ақ №1 және №2 Жезқазған байыту фабрикалары жұмыскерлерінің көлігіне арналған автотұрақ салу көзделген.

Кірме жолды жөндеу жұмыскерлердің өндірістік нысандарға күнделікті қатынауын қауіпсіз әрі қолайлы етіп, Жезқазған өңіріндегі кәсіпорындардың көлік қатынасын жақсартуға ықпал етеді.

Еңбек ұжымының өтініштері бойынша жұмыс жалғасуда. Кездесу қорытындысы бойынша қабылданған шешімдер компания басшылығының бақылауына алынып, «Қазақмыстың» бейінді бөлімшелері тарапынан кезең-кезеңімен іске асырылуда.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары