Malim.kz
Тұлға-таным

Өзгені құтқарды, өзі оралмады: бейбіт күн батырларының ерлік шежіресі

• Алуа Әшірбекова
Фото: malim.kz\ ЖИ арқылы өңделген

Бірі сегізінші қабаттың терезесінде ілініп тұрған сәбиге қол созды. Екіншісі төрт баланы өзеннен аман алып шықты. Ал енді бірі өзгені құтқаруға ұмтылып, үйіне оралмады. 19 қазан – Құтқарушылар күніне орай Malim.kz адам өмірі үшін басын қатерге тіккен жандардың ерлігін еске алады. Қазақстанда құтқарушылардың кәсіби мерекесі жыл сайын осы күні аталып өтеді.

Олардың арасында өрт сөндіруші де, студент те, балық аулауға барған азамат та бар. Әрқайсысының оқиғасы бөлек. Бірақ қауіпке тап болған адамға көмекке ұмтылған сәтте оларды бір шешім біріктірді.

Асқар Забикулин: үш адамды құтқарып, өзі ауруханада көз жұмды

2022 жылғы 16 қарашада Астанадағы "Қаһарман" тұрғын үй кешенінде өрт шықты. Пәтерлер мен баспалдақ алаңын қою түтін басып, тұрғындардың өздігінен сыртқа шығуына мүмкіндік болмады.

Өрт сөндіруші Асқар Забикулин он екінші қабаттан арқан арқылы жанып жатқан пәтерге түсті. Әріптестерімен бірге адамдарды қауіпсіз жерге шығарғаннан кейін көрші пәтерге кіріп, түтін арасында қалған он жастағы баланы құтқарды. Сол күні оның ерлігі үш адамның өмірін сақтап қалды.

Алайда Асқардың өзін аман алып қалу мүмкін болмады. Ауыр күйік алған құтқарушы 20 қарашада ауруханада қайтыс болды. Кейін елордадағы көшелердің біріне оның есімі берілді.

Сәбит Шонтақбаев: сегізінші қабатта ілініп тұрған сәбиге қол созды

2022 жылғы 11 мамырда елордада болған оқиғаның бейнежазбасы көпшілікті елең еткізді. Үш жасар қыз сегізінші қабаттың терезесінен салбырап, ілініп қалған еді.

Сәбит Шонтақбаев төменгі қабаттағы пәтердің терезесінен шығып, балаға қол созды. Оған досы Сағи Жылқышиев көмектесті. Екеуінің әрекетінің арқасында сәби аман қалды.

Төтенше жағдайлар министрлігі Сәбитті "Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін" төсбелгісімен марапаттады. Оның есімі сол күннен бастап бала өмірін сақтап қалған азамат ретінде көпшілікке танылды.

Андрей Цимбал: балық аулауға барып, төрт баланың өмірін сақтады

2025 жылғы 31 мамырда Қостанай тұрғыны Андрей Цимбал Тобыл өзенінде балық аулап жүрген. Сол маңда ересектердің қарауынсыз шомылып жүрген балаларды кенет ағыс алып кете бастайды.

Мұны байқаған Андрей суға түсіп, балаларға көмекке ұмтылды. Қатты ағыс пен су астындағы нашар көріну жағдайына қарамастан, ол төрт баланы жағаға алып шықты.

Адам өмірін құтқару кезінде көрсеткен батылдығы үшін азамат "Суға батқандарды құтқарғаны үшін" медалімен марапатталды.

Ерасыл Омарханов: ағыс алып бара жатқан баланы құтқарған студент

2025 жылғы 13 мамырда Үлбі өзенінің жағасында әпкесімен серуендеп жүрген бала суға құлап кетті. Өзен ағысы оны бірден алып кете бастады.

Сол кезде жақын маңда болған Ерасыл Омарханов дер кезінде көмекке келіп, баланы құтқарды. Ол кезде Ерасыл Қазақстан-Америка еркін университетінің екінші курс студенті еді.

Ерлігі үшін оған Төтенше жағдайлар министрлігінің "Суға батқандарды құтқарғаны үшін" медалі табыс етілді.

Нұрахмет Қымбат: көмекке ұмтылып, өзі ағысқа төтеп бере алмады

2025 жылғы 21 маусымда Нұрахмет Қымбат Марқакөл ауданында Ертіс өзенінің маңында демалып жүрген. Көмек сұраған дауысты естіген ол суға батып бара жатқан екі адамды байқайды.

Нұрахмет оларды құтқаруға ұмтылғанымен, қатты ағысқа төтеп бере алмай, өзі қаза тапты.

Адамдарды құтқару кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін ол қайтыс болғаннан кейін "Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін" медалімен марапатталды. Марапат марқұмның отбасына табысталды.

Альяр Ахтаманов: биыл үш жасөспірімді құтқарды

2026 жылғы қаңтарда Алматы облысы Жамбыл ауданының Үмбетәлі Кәрібаев ауылындағы су қоймасында үш жасөспірімнің өміріне қауіп төнді. Оларға Альяр Ахтаманов көмекке келіп, үшеуін де құтқарды.

Адамдарды аман алып қалған азаматтың ерлігі Төтенше жағдайлар министрлігінің "Суға батқандарды құтқарғаны үшін" медалімен бағаланды. Марапат Алматы облысының төтенше жағдайлар департаментінде табысталды.

Алсу Ермағамбетова: дәрігер болуды армандаған бойжеткен

Биыл Оралда болған қайғылы оқиға да көпшіліктің жүрегіне батты. Aikyn.kz басылымының 2026 жылғы 1 тамызда жариялаған материалында 18 жастағы Алсу Ермағамбетованың суға батып бара жатқан жасөспірімге көмектеспек болып қаза тапқаны жазылған.

Оқиға 16 шілдеде болған. Туыстарының айтуынша, Алсу жүзе алмағанына қарамастан, көмек сұраған жасөспірімге қарай ұмтылған. Жасөспірім жағаға шыққанымен, бойжеткенді құтқарып үлгермеген.

Алсу медициналық колледжге оқуға түскен еді. Әпкесінің айтуынша, ол дәрігер болып, өзін өсірген әжесін емдеуді армандаған. Оның өмірі өзгенің тағдырына бейжай қарай алмаған сәтте үзілді.

Құтқарушылар күнінде қызмет бабында қауіпке қарсы тұратын мамандарға алғыс айтамыз. Сонымен бірге бір адамның өмірі үшін қолынан келгенін жасаған азаматтарды, көмекке ұмтылып қаза тапқан жандарды еске аламыз. Олардың әрқайсысының артында аман қалған тағдыр, үзілген арман немесе жақындарының өшпейтін сағынышы бар.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары