Пәкістанның Карачи қаласында таяқ пен тас ұстаған топ АҚШ консулдығына шабуыл жасады. Оларға қарсы оқ атылып, салдарынан қаза тапқандар мен жараланғандар бар, деп хабарлайды Malim.kz Asianet News-ке сілтеме жасап.
Жексенбі күні Карачиде тәртіпсіздіктер болған. Тас пен таяқпен қаруланған топ АҚШ консулдығына шабуыл жасап, терезе мен есіктерді сындырған, күзет бекетін өртеген.
«Куәгерлердің айтуынша, тәртіпсіздікті басу үшін жергілікті қауіпсіздік күштері, оның ішінде пәкістандық әскери қызметкерлер оқ атқан. Алдын ала мәлімет бойынша, сегіз шабуылдаушы қаза тапқан, АҚШ консулдығының үш қызметкері жараланған», — деп жазады басылым.
Консулдыққа жасалған шабуылдың видеосы әлеуметтік желілерде таралуда.
Басқа дереккөздер кемінде 10 адамның қаза болғанын хабарлайды.
«Полиция мен рейнджерлерді қоса алғанда, құқық қорғау органдары әрі қарайғы зорлық-зомбылықтың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін аталған ауданда қауіпсіздік шараларын күшейтті», — деп хабарлайды Geo News.
Өз мәлімдемесінде Пәкістанның Синд провинциясының ішкі істер министрі ешкімге заңды өз қолына алуға жол берілмейтінін айтты.
Еске салсақ, Пәкістан мен «Талибан» арасындағы қақтығыс басталған еді.