freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Пәкістан мен «Талибан» арасындағы қақтығыс ушығып барады

Әлем
Пәкістан мен «Талибан» арасындағы қақтығыс ушығып барады
Фото: Reuters

Пәкістан Кабул мен Кандагар провинциясына соққы жасады, деп хабарлайды Malim.kz ВВС-ге сілтеме жасап.

Ел билігі мұны Ауғанстан тарапынан болған «арандатусыз атқылауға» жауап деп атады. Соның салдарынан пәкістандық әскери қызметкерлер қаза тапқан.

AFP агенттігінің хабарлауынша, түнде Кабул тұрғындары қала аумағында жарылыстардың дауысын естіген. Оған ұшақтардың ұшып өткен дыбысы қосылып, шамамен бір сағаттан кейін атыс дауысы шыққан.

Пәкістанның қорғаныс министрі Хаваджа Мұхаммад Асиф Х желісінде талибтермен текетіресті «ашық соғыс» деп атады. Ол Пәкістан «50 жыл бойы бес миллион ауғанды қабылдағанын» және «қазірдің өзінде миллиондаған ауған біздің жерімізде нәпақа тауып жүргенін» атап өтті. Оның пікірінше, талибтер Ауғанстанды «Үндістанның отарына айналдырып», «Үндістанның қуыршағына айналған».

Пәкістан билігі бұл жауап соққысы екенін алға тартады. Бұған дейін ақпарат министрі Аттаулла Тарар Ауғанстан тарапынан болған атқылау салдарынан екі пәкістандық әскери қаза тауып, тағы үшеуі жараланғанын мәлімдеген. Ал Талибан шекара маңындағы операциясын Пәкістанның бұған дейінгі соққыларына жауап деп сипаттайды.

Талибтер «ауқымды операция» барысында көптеген пәкістандық әскери қызметкердің көзін жойып, 15 әскери бекетті басып алғанын айтады. Ал Пәкістан бұл мәліметті жоққа шығарады. Ауғанстан операциясы жергілікті уақытпен шамамен 20:00-де басталған.

«Талибан» өкілі Забихулла Муджахид жұма күні Х желісінде Ауғанстан енді бүкіл шекара бойында пәкістандық әскер позицияларына жауап соққы жасай бастайтынын жазған, алайда кейін бұл жазба өшірілген.

Кейінірек «Талибан» үкіметінің өкілі Ауғанстан Пәкістанның негізгі әскери базаларына, басқару орталықтарына және стратегиялық нысандарына әуе соққыларын жасағанын мәлімдеді.

Атап айтқанда, Фейсалабад маңындағы әскери лагерьге, Исламабадке, Наушерадағы армиялық округке, Джамрудтағы әскери базаға және Абботтабадтағы нысандарға соққы жасалған.

Бұдан кейін Аттаулла Тарар дрон шабуылының сәтті тойтарылғанын хабарлады. Оның айтуынша, барлық дрондар атып түсірілген, құрбандар жоқ.

Пәкістан премьер-министрінің өкілі Мушарраф Заиди Х желісінде қазіргі уақытқа дейін пәкістандық күштер ауғандық «Талибанның» жалпы саны 133 жауынгерін жойып, 200-ден астамын жаралағанын жазды.

Сондай-ақ жұма күнгі Кабул, Пактия және Кандагардағы соққылар салдарынан «әлдеқайда көп шығын» болғанын мәлімдеді. Ал Забихулла Муджахид соңғы пәкістандық соққылар салдарынан «ешкім зардап шекпегенін» айтты.

Талиб өкілі соққы Кандагар провинциясындағы Даман ауданына түскенін, онда талибтердің шекара қызметі базасы орналасқанын Би-би-сиге мәлімдеді.

Сонымен қатар, Ауғанстанның шығысындағы, шекараға жақын Нангархар провинциясының жергілікті билігі Пәкістан соққылары салдарынан Пәкістаннан келген ауған азаматтары орналасқан босқындар лагері зардап шеккенін хабарлады. Кемінде тоғыз адам — жеті әйел мен екі ер адам — жараланған, олардың бірінің жағдайы ауыр. AFP Жалалабад қаласындағы ауруханадан түсірілген суреттерді жариялады.

Ауғанстан ұлттық телеарнасы Пактика провинциясында үш бейбіт тұрғын қаза тауып, жетеуі жараланғанын хабарлады. Қаза тапқандардың арасында бір әйел мен мектеп жасындағы екі бала бар.

Заидидің айтуынша, Пәкістан армиясы «Талибанның» 27 бекетін жойып, тағы тоғызын басып алған. Ал Ауғанстан қорғаныс министрлігі бейсенбі кешінде 19 пәкістандық әскери бекет пен екі базаны басып алып, 55 пәкістандық әскери қызметкерді өлтіргенін мәлімдеді.

Бұл мәліметтерді тәуелсіз түрде тексеру өте қиын.

Шекара бойында қарқынды атыс болып жатқаны туралы хабарлар бар. Пәкістанның шекарадағы Торкхам қаласына жақын тұратын тұрғындардан аймақтан кету сұралған.

Қақтығыстарға байланысты билік осы қала арқылы депортацияланған ауған азаматтарының кері оралуын уақытша тоқтатты. Шекара өткелі ауған босқындары үшін де жабылған.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу