Облыс орталығындағы көпқабатты тұрғын үйдің тұрғындары аулада нашақорлардың толып кеткеніне алаңдап отыр. Айтуларынша, бұған сол жерде орналасқан дәріхананың кейбір препараттарды заңсыз сатуы себеп болып отыр. Бұл туралы kazinform.kz агенттігіне сілтеме жасап Malim.kz хабарлайды.
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада үй маңайы мен подъезд ішінде нашақорлар қолданған шприцтер мен инелер, дәрі-дәрмектің орамалары жатқаны байқалады.
Сондай-ақ видеода нашақорлардың есірткі қолдану сәттері бар. Бұл видеолардың барлығын тұрғындар телефон және үйдегі бейнекамералар арқылы түсірген.
— Назарбаев даңғылы, 17-үйде қалыптасқан күрделі жағдайға көңіл аударуларыңызды сұраймыз. Қолданылған инелер, шприцтер, заттардың қаптамалары баспалдақ алаңдарында, лифтіде, тіпті балалардың ойын алаңдарында үнемі шашылып жатады. Үйіміз нашақорлар жиналатын орынға айналып барады. Біздің бақылауымызша, осы жердегі дәріханада нашақорлар қолданатын, тыйым салынған препараттар заңсыз түрде сатылуда. Дәл жанымызда № 5 мектеп орналасқан, оның ауласында да әлгіндей заттар шашылып жатыр, — деп жазды аталған үй тұрғындарының бірі.
Тұрғындар өз балаларының өмірі үшін қатты алаңдайтындарын, оларды далаға жібермек түгілі кіреберіске шығарудың өзіне қорқатындарын айтады. Ересектер шашылып жатқан қауіпті заттарды өздері жинап әуреге түседі. Бұл мәселені биылғы қазан айында да көтерген. Алайда жергілікті билік ешқандай әрекет жасамаған.
Аталған жайтқа облыстық полиция департаменті көңіл аударып, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметкерлер оқу орны мен жақын маңдағы аумақты шолып шыққанын мәлімдеді.
— Тексеру нәтижесінде Н.Назарбаев даңғылы, 17 мекенжайында орналасқан дәріханада дәрілік препараттарды рецепсіз сату дерегі анықталды. Материал жиналып, іс жүргізу шешімін қабылдау үшін Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментіне жіберілді, — деп хабарлады департаменттен.
Сондай-ақ, бұл ауданда полиция қызметкерлерінің авто және жаяу патрульдеуі күшейтілген. Азаматтар арасында құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.