Павлодар облысының Баянауыл мен Май аудандарында тұрғындар мен фермерлер киік өлекселерінің уақытылы жиналмай жатқанына шағымданды.
Олардың айтуынша, далада шашылып жатқан өлекселер суаттар мен жайылымдарды ластап, төрт түлік арасында ауру таратуы мүмкін.
Фермерлер кей жерлерде киіктердің жүздеп қырылғанын айтып, өлекселерді өз күштерімен жинауға мәжбүр екенін жеткізді. Кей шаруалар мал арасында ауру көбейгенін айтып, індет киіктерден тарауы мүмкін деп қауіптенеді.
Алайда облыстық ветеринария басқармасы киіктерден қауіпті індет анықталмағанын мәлімдеді. Мамандардың айтуынша, өлген жануарлардан ауру тарағаны туралы ресми дерек жоқ.
Облыстық инспекция дерегіне сәйкес, жыл басынан бері 664 киік өлексесі жиналып, жойылған. Арнайы штаб мониторинг жүргізіп жатыр.
Ал аудандық ветеринарлар киік өлекселерін жинау олардың міндетіне кірмейтінін айтты. Бұл жұмысқа арнайы қаржы мен маманданған бригадалар қажет екенін жеткізді.