Польша мен Беларусь шекарасында өткен тұтқын алмасу нәтижесінде Қазақстан азаматы бостандыққа шығып, елге қайтарылды. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Айбек Смадияров Telegram арнасында хабарлап, ақпаратты растады, деп хабарлайды Malim.kz.
Хабарламада Польша аумағында бұған дейін қамауға алынған қазақстандық азаматтың 28 сәуірде босатылғаны айтылған. Бұл шешімге Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шетелде жүрген отандастардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған жүйелі жұмысы ықпал еткені атап өтілді.
Сонымен қатар, мемлекет басшысы Беларусь президенті Александр Лукашенкомен телефон арқылы сөйлесіп, күрделі жағдай кезінде екі елдің сындарлы ынтымақтастығына алғыс білдірген. Ресей президенті Владимир Путиннің де бұл процестегі рөлі атап өтіліп, оған ризашылық білдірілген.
Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ Польша президенті Кароль Навроцкий мен премьер-министр Дональд Тускке жағдайға байыппен қарап, оң шешім қабылдауға үлес қосқаны үшін алғыс білдіріп, ресми хат жолдайтыны хабарланды.
Оқиғаның мән-жайы бойынша, 2 тамызда Польша БАҚ-тары ел аумағында шетелдік әскери барлау қызметіне жұмыс істеді деген күдікпен бір офицердің ұсталғанын хабарлаған. Поляк билігінің мәліметінше, ол Польша мен одақтас елдердің қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін ақпарат жинаумен айналысқан.
Кейін бұл адамның КСРО тарағаннан кейін құрылған Азия елдерінің бірінің азаматы екені, сондай-ақ әскери барлауға қатысы бар офицер екені айтылды. 13 тамызда Қазақстан Қорғаныс министрлігі ұсталған адамның Қазақстанның Польшадағы әскери атташе аппаратының қызметкері екенін растады.
Польша тарапы оның 2025 жылдың наурызынан шілдесіне дейін Варшава мен Быдгощ қалаларында әрекет еткенін мәлімдеген. Ұсталғаннан кейін ол үш айға қамауға алынған. Прокуратура оның дипломатиялық мәртебені жасыру ретінде пайдаланғанын алға тартты.
Өзі болса, айыпты мойындамаған. Оған 5 жылдан 30 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төнген еді.