Malim.kz
Қоғам

Қадір түні 2026: Қазақстанда қасиетті түннің күні белгілі болды

Арман Қайыпхан
Фото: muftyat.kz

2026 жылы Қадір түні 16-нан 17 наурызға қараған түнге сәйкес келеді, деп хабарлайды Malim.kz.

2026 жылы мұсылман қауымы үшін қасиетті саналатын Қадір түні 16 наурыздан 17 наурызға қараған түнге сәйкес келеді. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жариялаған діни күндер кестесінде көрсетілген.

Қадір түні (Ләйләт әл-Қадр) – исламдағы ең қасиетті түндердің бірі. Діни деректерге сәйкес, дәл осы түнде қасиетті Құран түсе бастаған. Сондықтан мұсылмандар бұл түнді ерекше құлшылықпен өткізуге тырысады.

Ислам ғұламаларының айтуынша, Қадір түнінде жасалған құлшылықтың сауабы мың айдан да артық. Осы себепті мұсылмандар бұл түнде мешіттерге барып, намаз оқып, Құран оқып, дұға жасап, тәубе етіп, садақа беруге көңіл бөледі.

Дәстүр бойынша Қадір түні қасиетті Рамазан айының соңғы он күнінің бірінде болады. Көпшілік ғалымдар оны Рамазан айының 27-түнімен байланыстырады.

Сондай-ақ бұл түні «Аллаһумма иннәкә 'афуун, тухиббуль 'афуа фа'фу 'анни» (Уа, Алла! Расында, Сен – Кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің. Ендеше, мені кешіре көр!) дұғасын оқу абзал.

Айта кетейік, 2026 жылы Рамазан айы 19 ақпанда басталып, 19 наурызда аяқталады. Ал мұсылмандардың үлкен мерекелерінің бірі – Ораза айт 20 наурызда атап өтіледі.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары