Malim.kz
Қоғам

"Қай беттеріңмен өздеріңді еркекпін деп жүрсіңдер?" – Димаш Құдайберген ел алдына шығып, үн қатты

Мадияр Қапанбек
Димаш Құдайберген. Фото: instagram.com/kudaibergenov.dimash

Танымал әнші Димаш Құдайберген Жамбыл облысының Меркі ауданында 19 жастағы әйелдің қазасына байланысты қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселеге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Malim.kz.

Өнер иесі әйелге күш көрсету мен оны ұрып-соғуды еш жағдайда ақтауға болмайтынын айтты.

"Әйелді сабап, соны мақтаныш көретіндер, қай беттеріңмен өздеріңді еркекпін деп жүрсіңдер?! Жұдырықтарың әйелге ғана жүретін болса, сендер еркек емес – малсыңдар, болды. Әйелге әлімжеттік жасап, абырой жинаймын деу – адамдықтың ең төменгі шегі!" – деді Димаш Құдайберген.

Әншінің бұл пікірі әлеуметтік желі қолданушылары арасында кең талқыланып, көпшілік оның әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты ашық айыптағанын қолдады.

Еске сала кетейік, Димаш Құдайбергеннің әкесі Қанат Айтбаев 2023 жылы жариялаған жазбасында жұбайы Света Айтбаевамен таныстығы мен шаңырақ көтерген сәтін еске алған еді.

Димаш Құдайберген кім?

Димаш Құдайберген – қазақ музыкасын әлемдік деңгейде танытып жүрген танымал әнші. Ол ерекше тембрі, кең дауыс диапазоны және күрделі вокалдық партияларды орындау шеберлігі арқылы халықаралық аудиторияға кеңінен танылды.

Өнер иесі 1994 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Ол музыкаға жақын отбасында өсті. Әкесі Қанат Айтбаев пен анасы Света Айтбаева да өнер саласында еңбек еткендіктен, Димаштың бала кезінен музыкаға қызығушылығы қалыптасты. Әнші сахнаға ерте жастан шығып, түрлі музыкалық байқауларға қатыса бастады. Оның табиғи таланты мен вокалдық мүмкіндігі жас кезінен-ақ мамандар мен көрермендердің назарын аударды.

Димаш Құдайбергеннің басты ерекшеліктерінің бірі – бірнеше октаваны қамтитын кең дауыс диапазоны. Ол классикалық музыка, эстрада, халық әндері және заманауи композицияларды еркін орындайды. Сонымен қатар әнші әртүрлі тілде ән шырқап, халықаралық тыңдарманын қалыптастырды. Оның репертуарында қазақ, орыс, ағылшын, француз, қытай және басқа да тілдердегі шығармалар бар.

Димаштың халықаралық деңгейде танылуына "Славян базары" байқауындағы жеңісі үлкен серпін берді. Ол бұл өнер додасында Гран-при иеленіп, шетелдік музыкалық ортада кеңінен таныла бастады. Кейін Қытайдағы "Singer" жобасына қатысуы оның танымалдығын жаңа деңгейге көтерді. Бағдарлама барысында Димаш ерекше дауысымен миллиондаған көрерменнің ықыласына бөленді. Осы жобадан кейін оның әлемнің түрлі елдерінде жанкүйерлері көбейіп, жеке концерттері мен халықаралық жобаларына қызығушылық артты.

Бүгінде Димаш Құдайберген Қазақстанның мәдениетін жаһандық аудиторияға таныстырып жүрген ең белгілі өнер өкілдерінің бірі саналады. Ол сахнада қазақ тіліндегі шығармаларды орындап, ұлттық музыканы халықаралық деңгейде насихаттауға да ерекше мән береді. Димаштың шығармашылық жолы тек вокалдық жетістіктерімен емес, қазақ мәдениеті мен ұлттық өнерді әлемге танытуымен де ерекшеленеді.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары