Димаш Құдайбергеннің әкесі Қанат Айтбаев 2023 жылы жариялаған жазбасында жұбайы Света Айтбаевамен таныстығы мен шаңырақ көтерген сәтін еске алған, деп хабарлайды Malim.kz.
Өнер иесі сол кезде жұлдызды жұптың отау құрғанына 30 жыл толғанын айтып, жары Светаны меруерт тойларымен құттықтаған.
"Амангелді Сәндібаев ағамыз жетекшілік ететін "Жібек жолы" ансамблінің құрамындағы кезіміз. Екеуміз де студентпіз. Болашақ педагогтармыз. Ағамызға өтініш жасап, менің туған жерім Ембіде тобымызбен концерт беретін болдық. Ойым – ата-анама болашақ келіндерін көрсету… Қаламыздағы "Достық" мәдениет үйінде ине шаншыр орын жоқ, халық лық толы. Алдыңғы қатарда ата-анам, олардың достары отыр. Концерт басталды. Сол кезде тыңдарманның құлағына сіңісті болған әндеріміз бірінен соң бірі орындалып жатыр. Бағдарламамыздың орта тұсына таман "Келесі әнді орындайтын Светлана Төлемісова, қарсы алыңыздар!" деп хабарлап, сахна сыртына шығып кеттім. Үлкен баянын көтеріп, Света ортаға шықты. Үстінде талдырмаш, нәзік, бойына қона қалған ақ көйлек, бота көздері күлімдей мөлдіреп, толқындана бұйраланып, иығына түскен шашы өзіне ерекше жарасып тұр. Микрофонын ыңғайлап алып, аспабының түймелеріне қол салды", – деді Қанат Айтбаев.
Концерттен кейін ансамбль мүшелері Айтбаевтар үйіне қонаққа барған. Сол кезде анасы ұлына топтағы әнші қыздың өте сүйкімді екенін айтып, оның Светаны арнайы таныстыруға алып келгенін сезген.
"Баянның сырлы үніне бұлақтың сыңғырындай әнші қыздың үні астасып, әсем ән төгіле жөнелді. Шәмшінің "Ақерке-Ақжайығы". Алғашқы қайырмасынан-ақ залдағы халық таныс әнді қосыла шырқай жөнелді. Сахнаның жақтау шымылдығынан жүрегім атқақтай соғып, ата-анамның жүздеріне сығалай қарап тұрмын. Екеуі де ерекше мейіріммен күлімдеп отыр екен. Анамның қасында отырған құрбысы сахнадан көз алмай, анамның құлағына сыбырлап жатыр. Қимыл-қозғалысына қарасам, жағымды нәрсе айтып жатқан сияқты. Концерт аяқталды.
Қасымдағы құрбыларым: "Қанатжан дәу де болса осы қызды таныстырайын деп әкелді-ау?" – деп жатыр, – Солай ма?"
Анамның жүзіне қарап күлімдей беріппін. Жүрегім лүп-лүп… Арада екі-үш ай өткен соң ата-анам арнайы барып, болашақ құдаларымен танысып, уағдаласып, тойдың күнін белгілеп қайтты", – деп жазды өнер иесі.
Өнер иесі содан бері 30 жыл өткенін, екі әулеттің құда-құдағи болып, жақын адамдарға айналғанын атап өтті. Сондай-ақ отбасында үш баласы дүниеге келгенін айтып, жарына ақ тілегін арнады.
"Содан бері отыз жыл өтті. Құда-құдағилар өзара ең жақын, сырлас адамдарға айналды. Отбасымызда үш баламыз өмірге келді. Өмірде қол ұстасып, тату-тәтті бірге келе жатырмыз. "Меруерт тойымыз" құтты болсын, Светик! Ата-анамыз айтпақшы, өмірдің қызық, қуанышын тең көрейік", – деп жазған Қанат Айтбаев.
Еске сала кетейік, жақында Димаш Құдайбергеннің әкесі, белгілі продюсер, композитор әрі музыкант Қанат Айтбаев жоғары мемлекеттік марапатқа ие болған.
Димаш Құдайберген кім?
Димаш Құдайберген – қазақ музыкасын әлемдік сахнаға танытып жүрген танымал әнші. Ол ерекше дауысымен, кең диапазонымен және кәсіби орындаушылық шеберлігімен халықаралық деңгейде мойындалған өнер иесі.
Димаш 1994 жылы Ақтөбе қаласында өнерлі отбасында дүниеге келген. Әкесі Қанат Айтбаев пен анасы Света Айтбаеваның музыка саласына жақын болуы оның бала кезінен өнерге бейім болып өсуіне әсер етті.
Әнші сахнаға ерте жастан араласты. Бала күнінен түрлі байқауларға қатысып, табиғи талантымен көрерменнің назарын аударды. Оның сахнадағы еркіндігі мен өзгеше дауыс мүмкіндігі сол кезден-ақ көпшілік тарапынан жоғары бағаланды.
Димаш Құдайбергеннің басты ерекшелігі – бірнеше октаваны еркін қамтитын сирек дауыс диапазоны. Ол классикалық шығармаларды, эстрадалық әндерді және халық әндерін шебер орындайды. Сонымен қатар қазақ, орыс, ағылшын, француз, қытай және басқа да тілдерде ән айтып, әлемнің әр түкпіріндегі тыңдарманға жол тапты.
Оның халықаралық деңгейде кеңінен танылуына “Славян базары” байқауындағы жеңісі үлкен ықпал етті. Осы өнер додасында Гран-при иеленгеннен кейін Димаштың есімі шетелдік сахналарда жиі атала бастады.
Кейін әнші Қытайдағы “Singer” жобасына қатысып, ерекше орындаушылық қабілетімен миллиондаған көрерменнің ықыласына бөленді. Бұл жоба оның әлемдік танымалдығын одан әрі арттырды.
Бүгінде Димаш Құдайберген – Қазақстан мәдениетін әлемге танытып жүрген ең танымал өнер иелерінің бірі. Ол тек вокалдық қабілетімен ғана емес, қазақ тілін, ұлттық өнерді және ел мәдениетін жаһандық аудиторияға жеткізген тұлға ретінде де жоғары бағаланады.