ІІМ Қарағанды облысында бір топ адамның қылмыстық әрекетінің жолын кесті. Мәліметтер ведомствоның баспасөз қызметінде жарияланды, деп хабарлайды Malim.kz.
Анықталғандай, топ мүшелерінің бірі спорт саласындағы беделін пайдаланып, спортты қолдау және дамыту деген желеумен жастарды ауыр және аса ауыр қылмыстар жасауға тартқан.
«Ұрлық, бопсалау, алаяқтық және тонау фактілері бойынша алты қылмыстық іс қозғалды. Қабылданған шаралар мен жедел әрекеттер нәтижесінде 20 адам ұсталды. 47 санкцияланған тінту жүргізіліп, заңсыз айналымнан атыс және суық қару, оқ-дәрілер, автокөліктер, ірі көлемдегі ақша қаражаты, оның ішінде шетел валютасы, сондай-ақ қылмыстық істер үшін маңызды өзге де айғақ заттар тәркіленді», – деп хабарлады ведомство.
Сондай-ақ ұсталғандардың өзге қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатқаны нақтыланды.
ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс азаматтарды заңсыз әрекеттерге тарту, қысым көрсету және жағдайды тұрақсыздандыру әрекеттерінің барлығы заң аясында тоқтатылатынын атап өтті.