Malim.kz
Қоғам

"Қартайғанда қылық шығарды": Тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы жеке өмірі туралы ашық айтты (ФОТО)

Мадияр Қапанбек
Ашық дереккөзден. Суретте: Ләйлә Сұлтанқызы

Танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы әлеуметтік желідегі парақшасында жеке өміріне қатысты жазба жариялап, өзіне бағытталған сын-пікірлерге жауап берді, деп хабарлайды Malim.kz.

Instagram-дағы жазбасында ол қоғамда жиі айтылатын түрлі пікірлерді мысалға келтіріп, жасына байланысты айтылған сындардың орынды-орынсыз екенін атап өтті.

"Кәрі құтырса – жұт болады", "Қартайғанда қылық шығарды", "Жасқа жарасқан – кәріге ұят", "Жасына сай емес қылық", "Ұялмай ма, немере сүйер жасқа келді", "Кеш қалды енді бұған", "Шошаң-шошаң етіп не болды", "Жастық шағын өткізіп алып, енді есін жиды ма", "Ақыл тоқтатар жаста ғой", "Әйел адамға ауырлау енді бұл", "Қартайғанда қыз қуғандай" (кейде әйелдерге де айтылады), "Өзін жас қыздай ұстайды", "Жасы келгенін мойындағысы келмейді".

Менің әрекетім қазақилығымның өлшемі емес. Ана ретіндегі рөлімнің бағасы емес. Ата-анама қандай бала екенімнің дәлелі емес. Бұл – менің еркіндігім. Бұл – менің жұмысым. Бұл – менің нәпақам", – деп жазды Ләйлә Сұлтанқызы.

Ләйлә Сұлтанқызы – Қазақстандағы танымал журналист, тележүргізуші және медиа менеджер. Ол 1977 жылдың 8 желтоқсанында Шымкент қаласында дүниеге келген. Жоғары білімін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде алып, кәсіби біліктілігін шыңдаған.

Еңбек жолын 1997 жылы "Шаһар" телерадиокомпаниясында тележүргізуші ретінде бастаған. Кейін осы арнада продюсер қызметін атқарды. 2003-2006 жылдары "Хит ТВ" телеарнасының директоры болып, медиа саласында басқарушылық тәжірибе жинақтады.

2008 жылдан бастап "Қазақстан" республикалық телерадиокорпорациясы жүйесінде түрлі қызметтер атқарып, бағдарламалар продюсері ретінде еңбек етті. Сонымен қатар "Kazmedia Mobile" компаниясының бас директоры болды. 2012 жылы "Балапан" телеарнасының директоры қызметін атқарып, балаларға арналған контентті дамытуға үлес қосты.

Ол «Әйел бақыты» ток-шоуының авторы әрі жүргізушісі ретінде кең танылды. Ләйлә Сұлтанқызы қазақ медиа кеңістігінде кәсіби шеберлігімен ерекшеленген тұлға саналады.

Оның еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланды: 2015 жылы "Қазақстан Мәдениет саласының үздігі" атағын алса, 2016 жылы "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағына ие болды.

Бұған дейін Ләйлә Сұлтанқызы "Қазақстан" арнасындағы "1001 түн" бағдарламасында қонақ болып, жеке өмірі мен отбасы тақырыбына қатысты пікір білдірген еді.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары