Сәтбаев қаласында кәсіби мереке – Кеншілер мен байытушылар күніне арналған салтанатты шара өтті. Іс-шараның негізгі идеясы – «Қазақмыс қазынасы», яғни «Қазақмыстың басты байлығы – адамдар» тақырыбына арналды, деп хабарлайды Malim.kz.
Салтанатты шара аясында компанияның өндірістік алаңдарында еңбек ететін 300-ден астам жұмыскер мемлекеттік, ведомстволық және корпоративтік наградалармен марапатталды. Олардың қатарында өндіріс озаттары, сала ардагерлері, тау-кен, байыту және сервистік бөлімшелердің мамандары бар.
Іс-шараға Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен, облыстық мәслихат төрағасы Бауыржан Шыңғысов, компания акционері Нұрлан Артықбаев, «Атамекен» ҰКП Президиумының төрағасы Қанат Шарлапаев, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі және кәсіпорын басшылары, жұмыскерлер мен сала ардагерлері қатысты.
Адам – компания дамуының негізі
Салтанатты шараны ашқан Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен кеншілер мен байытушылардың өңірдің дамуына және елдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға қосқан өлшеусіз үлесін ерекше атап өтті.
«Ұлытау облысының кеншілері – нағыз еңбектің адамдары, өңіріміздің ғана емес, тұтас еліміздің мақтанышы. Кеншілер күні – жер қойнауындағы қазынаны ел игілігіне айналдырып, экономиканың дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген барша сала мамандарына құрмет көрсететін айтулы мереке. Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың ғылыми даналығы мен көрегендігінен бастау алған саланы жалғастырушы кеншілеріміз – күрделі де жауапты кәсіпті абыроймен атқарып жүрген білікті мамандар. Мемлекет басшысы атап өткендей, кеншілер – ел экономикасының берік тірегі, еңбегі ерен азаматтар» – деді Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен.
Еңбек адамының қоғамдағы маңызы тақырыбын жалғастыра отырып, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков компанияның өндірістік жетістігінің артында мыңдаған жұмысшының күнделікті еңбегі, кәсібилігі мен жауапкершілігі тұрғанын ерекше атап өтті.
«Компанияның басты байлығы – нысандардың ауқымы емес, адамдардың білімі, мінезі және жауапкершілігі. Ауқымды өндірістік көрсеткіштің артында мыңдаған ауысым, күрделі техникалық шешімдер мен күнделікті еңбек тәртібі тұр. Бүгінде мыс жасыл энергетикаға көшу үдерісіндегі маңызды металл болып табылады. Ол энергетика, көлік, байланыс, медицина және жаңа технологиялар салаларына қажет. Демек, сіздердің еңбектеріңіз кәсіпорындар мен компанияға қатысы бар өңірлердің дамуына ғана емес, тұтас елдің өркендеуіне ықпал етіп, болашақ экономиканың негізін қалыптастырады», – деді Нұрмұхамбет Әбдібеков.
Бүгінде «Қазақмыс» Тобының құрамында 34 мыңнан астам адам еңбек етеді. Олар 14 кеніштің, 5 байыту фабрикасының және 2 мыс балқыту зауытының жұмысын қамтамасыз етуде. Компанияда ұрпақ сабақтастығы да сақталған. Қазіргі таңда мұнда 103 еңбек әулеті жұмыс істейді.
2026 жылы Қазақмыс еңбек қауіпсіздігіне 16 млрд теңге бағыттап, өндірістік активтерді жаңартуды және еңбек жағдайын жақсартуды жалғастыруда. Жезқазғанда жаңа күкірт қышқылы цехын салу жобасы жүзеге асырылуда. Жаңа цех технологиялық газдардың 99%-ына дейін ұстап қалуға мүмкіндік береді.
Үздік мамандарға марапат
Салтанатты шара барысында компания жұмыскерлерін марапаттау рәсімі өтті. «Еңбек ардагері» медалімен, түрлі дәрежедегі «Кенші даңқы» және «Еңбек даңқы»төсбелгілерімен, сондай-ақ құрмет грамоталарымен сала ардагерлері, өндіріс озаттары, шеберлер мен жас мамандар марапатталды.
«Ұлытау қайырымдылық қоры» қоғамдық қорының атынан көпбалалы анаға үш бөлмелі пәтердің кілтін табыстау шараның ең әсерлі сәттерінің бірі болды.
Мерекелік шара танымал орындаушылар мен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлерінің қатысуымен өткен концерттік бағдарламамен аяқталды.