Malim.kz
Қоғам

Қазақстан мен ТМД елдері азаматтарының жеке деректерін таратқан халықаралық арна жойылды

Айбын Атабай
ҚР ІІМ

Қазақстанның Ішкі істер министрлігі Ұлттық қауіпсіздік комитетімен және қадағалау органымен, сондай-ақ Чехияның полициясымен бірлесіп жүргізген ауқымды арнайы операцияның нәтижесінде Қазақстан мен ТМД елдерінің азаматтарының жеке деректерін заңсыз таратумен айналысқан халықаралық арнаны жойды. Бұл жөнінде Polisia.kz жазды. 

- Жедел-іздестіру жұмыстары, мұқият жоспарлау және құқық қорғау органдарының үйлестірілген іс-қимылдарының нәтижесінде халықаралық деңгейде әрекет еткен қылмыстық топтың қызметі әшкереленіп, жолы кесілді. Сонымен қатар қылмыстық іс бойынша күдіктілердің тұрғылықты жері бойынша, яғни Чехия Республикасының Усти-над-Лабем қаласында, сондай-ақ Астана, Алматы және Қарағанды қалаларында тінту жұмыстары жүргізілді. Тергеу әрекеттері барысында заңсыз қызметтің дәлелдері болып табылатын көптеген цифрлық ақпарат тасымалдағыштар, сондай-ақ қолма-қол ақша тәркіленді, - деді ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай.

ІІМ мәліметінше, қылмыстық әрекеттерді жүзеге асыру үшін күдіктілер Қазақстан мен көршілес мемлекеттердің азаматтарына қатысты жеке деректер орналастырылған жабық интернет-ресурс құрған. Топ ішінде нақты иерархиялық құрылым болған: әрбір қатысушы өзіне жүктелген міндетті атқарған. Олар қылмыстық схеманы үйлестірушілерден бастап, жеке деректерді заңсыз анықтауға қатысты тапсырыстарды қабылдап, өңдейтін операторларға дейінгі қызметтерді орындаған. Заңсыз жолмен алынған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру үшін дроп-аккаунттар пайдаланылған.

- Әртүрлі заңсыз қызмет түрлеріне, оның ішінде бір реттік сұраныстар мен ресурсқа абоненттік қолжетімділікке арналған арнайы баға тізімі белгіленген. Қылмыстық схеманы ұйымдастырды деген күдікке ілінген адамдар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жүріп жатыр. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі киберқылмысқа қарсы іс-қимылды, жеке деректерді заңсыз таратудың арналары мен көздерін анықтап, жоюды, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау бағытындағы кешенді шараларды одан әрі жалғастырады, - деді ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары