Malim.kz
Қоғам

Қазақстан паспорты Орталық Азиядағы ең мықты құжат атанды

• Мадияр Қапанбек
Фото: Shutterstock

Қазақстанның төлқұжаты Орталық Азия елдері арасында тағы да көш бастады. Henley Passport Index 2026 халықаралық рейтингінде Қазақстан өңірдегі ең жоғары нәтижені көрсетіп, көршілес мемлекеттерді басып озды, деп хабарлайды Malim.kz.

Henley & Partners компаниясы әлем елдерінің паспорттарын салыстыратын жаңартылған рейтингін жариялады.

Зерттеу барысында азаматтардың басқа мемлекеттерге алдын ала виза рәсімдемей бару мүмкіндігі есепке алынған. Яғни белгілі бір елдің азаматтары неғұрлым көп бағытқа визасыз саяхаттай алса, оның паспорты соғұрлым жоғары бағаланады.

22 қазанда жарияланған мәліметтерде Қазақстан паспортының әлемдік рейтингтегі орнына қатысты айырмашылық бар. NUR.KZ еліміздің Таиландпен бірге 66-орынға орналасқанын жазса, Tengri Travel Қазақстанды 65-орында көрсеткен.

Дегенмен екі жарияланымда да Қазақстанның Орталық Азиядағы көшбасшылығы сақталған.

Орталық Азия елдері қандай орынға ие болды?

Henley Passport Index рейтингінің қазан айындағы мәліметіне сәйкес, өңір елдері төмендегідей орналасқан:

Әлемдегі ең мықты паспорт қай елге тиесілі?

2026 жылғы қазан айындағы рейтингте Сингапур паспорты бірінші орынға ие болды. Оның азаматтары алдын ала виза рәсімдемей 193 бағытқа бара алады.

Екінші орынды Жапония, Оңтүстік Корея және Біріккен Араб Әмірліктері бөлісті. Бұл елдердің паспорттары 188 бағытқа сапарлауға мүмкіндік береді.

Үшінші орынға 187 бағыт көрсеткішімен Швеция орналасты.

Ал Ұлыбритания алтыншы орыннан көрінсе, АҚШ паспорты оныншы орынға тұрақтады.

Паспорттың күші қалай анықталады?

Henley Passport Index – әлем елдерінің паспорттарын халықаралық сапарларға қолжетімділік деңгейі бойынша салыстыратын рейтинг. Ол Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) мәліметтері мен қосымша зерттеулерге сүйеніп жасалады.

2026 жылғы зерттеу 199 паспорт пен әлемдегі 227 туристік және іскерлік сапар бағытын қамтиды. Рейтингте алдын ала виза талап етілмейтін бағыттар есепке алынады. Бұған визасыз кірумен қатар, келген кезде виза алуға болатын елдер де кіреді. Алайда паспорттың жоғары орында болуы азаматтардың барлық мемлекетке ешқандай шектеусіз кіре алатынын білдірмейді. Әр елдің шекарадан өтуге қатысты жеке талаптары сақталады.

Қазақстанның өңірдегі бірінші орынды сақтауы қазақстандық паспорт иелерінің халықаралық сапарлар мүмкіндігі Орталық Азия елдерімен салыстырғанда кең екенін көрсетеді.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары