Қазақстанда қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі ішкі тәртіпке өзгерістер енгізу көзделіп отыр. Тиісті бұйрық жобасын Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі қоғамдық талқылауға шығарды, деп хабарлайды Malim.kz.
Жобаға сәйкес, сотталғандардың мінез-құлқын бағалау тетіктері қайта қаралады. Сонымен қатар ең төменгі қауіпсіздік деңгейіндегі мекемелерде жазасын өтеп жатқан азаматтарға бірқатар қосымша мүмкіндіктер беру ұсынылған.
Атап айтқанда, мінез-құлқының үшінші оң дәрежесі бар сотталғандарға «тыныш сағат» енгізу қарастырылуда. Бұдан бөлек, ең төменгі қауіпсіздік деңгейіндегі азаматтарға мекеме аумағынан тыс жерде смартфон қолдануға рұқсат беру жоспарланып отыр.
Сондай-ақ бұл санаттағы сотталғандар кездесу ұйымдастыру немесе қалаға шығу бойынша өтініштерін өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары арқылы жолдай алады. Жоба авторлары мұндай тәсіл мекеме қызметкерлерімен тікелей байланысты азайтуға мүмкіндік беретінін атап өтеді.
Әзірлеушілердің мәліметінше, ұсынылған өзгерістерді қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық салдарға әкелмейді.
Құжат әзірге күшіне енген жоқ. Ол «Ашық НҚА» порталында жарияланып, 11 наурызға дейін қоғамдық талқылаудан өтеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан мектептерінде смартфон пайдалану толық тыйым салынуы мүмкін екені айтылған еді.