Қазақстанда қоғамдық орындарда адамның жүзін тануға кедергі келтіретін киім кигені үшін 1613 азамат әкімшілік жауапқа тартылған, деп хабарлайды Malim.kz.
Ішкі істер министрлігі азаматтарға қоғамдық орындарда адамның жүзін тануға мүмкіндік бермейтін киімдерді киюге тыйым салынғанын еске салды.
Ведомство мәліметінше, бұл талап "Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы" заңда көзделген және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен құқықтық тәртіпті сақтауға бағытталған.
Алайда шектеу ауа райына байланысты жағдайларға, медициналық көрсетілімдерге, қызметтік міндеттерді орындауға, сондай-ақ спорттық және мәдени-бұқаралық іс-шараларға қатысу кезінде қолданылмайды.
Алматыда никаб киген бірнеше әйелді ертіп жүрген ер адамның видеосы желіде қызу талқыға түстіОқыңыз
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-3-бабына (Ұсақ бұзақылық) сәйкес, алғаш рет ереже бұзғандарға ескерту жасалады. Егер құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, 10 АЕК (43 250 теңге) көлемінде айыппұл салынады.
"Қазір аталған құқық бұзушылық үшін 1 613 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды", – деп хабарлады ішкі істер министрлігі.