Еліміздің Қорғаныс министрлігі азаматтарды әскери қызметке шақыру жүйесіне енгізілетін өзгерістер туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Министрліктің мәліметінше, қазіргі таңда Қазақстанда шақыру қағаздарының бірыңғай тізілімін енгізу мәселесі қарастырылып жатыр Бұл жаңашылдық азаматтарды хабардар ету жүйесінің тиімділігін арттырып, шақыру науқанының ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Шақыру қағаздарының бірыңғай тізілімін құру хабарландыру жүйесін жаңа сапалы деңгейге көтереді. Біз азаматтарды дер кезінде ақпараттандыруды және олардың конституциялық міндетін толық орындауын қамтамасыз ететін заманауи, технологиялық тетік қалыптастырып жатырмыз», - деді Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов.
Сонымен қатар бастама аясында әскерге шақырудан жүйелі түрде жалтарып жүрген азаматтарға қатысты уақытша шектеу шараларын енгізу де қарастырылуда. Бұл шаралар уақытша сипатта болады және тек қолданыстағы заңнама шеңберінде жүзеге асырылады.
Бұдан бөлек, Қорғаныс министрлігі мерзімді әскери қызметшілердің ай сайынғы ақшалай төлемін арттыруды, сондай-ақ әлеуметтік кепілдіктер жүйесін жетілдіруді ұсынды.