Malim.kz
Қоғам

Қазақстанда кімдерге рақымшылық жасалмайды: Бишімбаев, Қайрат және Жанәбіловтер тізімде

Айбын Атабай
Tengrinews.kz, Instagram.com/elt6i

Қазақстанда Конституцияның қабылдануына байланысты ауқымды рақымшылық жасау жоспарланып отыр, деп хабарлайды Malim.kz.

Заң жобасы бойынша 16 мыңнан астам сотталған азамат қамтылмақ. Сонымен қатар алғаш рет әкімшілік рақымшылық енгізіліп, ескі айыппұлдардың бір бөлігін есептен шығару көзделген.

Алайда рақымшылық барлық сотталғандарға бірдей қолданылмайды. Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева соңғы жылдардағы резонансты істер бойынша сотталғандардың рақымшылыққа ілігу мүмкіндігін түсіндірді.

Депутаттың айтуынша, Қуандық Бишімбаев рақымшылыққа жатпайды. Себебі адам өмірі мен денсаулығына қарсы қылмыстар, оның ішінде адам өлтіру, денсаулыққа қасақана зиян келтіру, азаптау және жыныстық қолсұғушылыққа қатысты баптар рақымшылық тізімінен толық шығарылған.

Сондай-ақ Перизат Қайрат та рақымшылықтан үміттене алмайды. Заң жобасы кейбір экономикалық қылмыстарды қамтығанымен, аса ірі көлемдегі алаяқтық, қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру, қаржы пирамидаларын ұйымдастыру және өзге де қаржылық қылмыстар рақымшылыққа жатпайды.

Рақымшылық блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенова үшін де қолданылмайды. Өйткені олардың ісіндегі қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру бабы рақымшылықтан шығарылған санатқа кіреді.

Бұдан бөлек, жемқорлық, террористік және экстремистік қылмыстар жасағандар, азаптау фактілері бойынша сотталғандар, қайталама қылмыс жасағандар, сондай-ақ сталкинг, дропперлік және қыз алып қашу сияқты қылмыстар үшін жауапқа тартылған азаматтар да рақымшылыққа ілікпейді.

Мәжіліс бүгін рақымшылық туралы заң жобасын бірінші оқылымда қарамақ. Құжат қабылданған жағдайда қылмыстық рақымшылық мыңдаған адамды қамтып, әкімшілік айыппұлдар бойынша шамамен 17 миллиард теңгені кешіруге мүмкіндік береді.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары