Бұдан бұрын Freedom банкі (қожасы - Тимур Турлов) мен ҚазТАГ агенттігі арасындағы дау туралы хабарлап жүрген болатынбыз. Атап айтқанда, ҚазТАГ өкілдері Freedom банкі өздерін банк тарапынан келеңсіздіктерге тап болған жәбірленушілердің өз аузынан айтылған сөзден дәйек келтіргені үшін сотқа берді деп есептейтінін мәлімдеген болатын.
Енді, ҚазТАГ агенттігінің бас редакторы Әмір Қасенов өзін қаралау науқаны қалай жүріп жатқаны туралы ролик жариялап отыр. Редактордың айтуынша, Google Alerts сервисі оған ҚазТАГ-қа қатысты жарияланған материалдар туралы хабарлама жіберіп тұрады. Сол сервис оған ресейлік сайттарда жарияланған материалдар туралы да ескертпе жіберіп тұрады екен. Ресейдің Рязань, Пермь сияқты өңірлерінің басылымдарында ҚазТАГ туралы негатив мақалалардың неліктен жарияланғанын ұға алмаймын дейді Әмір Қасенов. Оның айтуынша, мұндай материалдардың барлығы дерлік Қазақстаннан сырт жерде және орыс тілінде жарияланған.
ҚазТАГ ісі қоғамда сөз бостандығына қатысты біршама қобалжу тудырып отыр. Мысалы, бұл іс жөнінде бірнеше халықаралық адам құқы ұйымдары мәлімдеме жасады.