Malim.kz
Қоғам

"Қолың қысқа, қалтаң жұқа": Дана Нұржігіт Баян Алагөзова жайлы ел естімеген шындықты айтты (ВИДЕО)

Мадияр Қапанбек
ozgeris.info

Журналист Дана Нұржігіт актриса Меруерт Өтекешоваға пәтер сыйлаған продюсер Баян Мақсатқызы мен Алагөзовтер отбасы туралы әсерлі жазба жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.

Тележүргізуші өз жазбасында Алагөзовтер әулетін қоғамға үлгі болатын отбасы ретінде сипаттап, олардың елге, ұлттық құндылықтарға қосып жүрген үлесін ерекше атап өтті.

"Алагөзовтердің отбасы жабайы буржуазия заманы аяқталғанының айқын дәлелі. Саналы қоғамға бетбұрыс, "өле жемей, бөле же! Халықпен бірге бол! Ортақ қазанға құйып, берекесін елмен бірге көр!" деген идеологияны қалыптастырып жатқан бірден бір отбасы. Алагөзовтердің барлық активтері тек Қазақстанда! Осында өндіріп, елде сатып та, сыртқа да шығарады. Отандық брендті дамытуға қосып жатқан үлесі сала-салада жүріп жатыр", – деп жазды журналист.

Жазбада Меруерт Өтекешоваға жаңа баспана сыйлау әрекеті қазақы құрмет пен жанашырлықтың көрінісі ретінде бағаланған.

"Ал, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін адамдар ретінде бүгін соның асқақ шыңын көрсетті. Жұртта қалған Қыз Жібегімізді салтанатты түрде, мәртебесіне сай – Патшайымдай сұлуымыздың өзі қалаған жерінен, өзінің сұқ саусағымен көрсететін Ақ Шаңқайлы үйіне құрметтеп қоныстандыратын болды. Міне, жомарттық, міне дәріптеу деген қандай болу керек!" – деді Дана Нұржігіт.

Дана Нұржігіт жазба соңында Баян Мақсатқызына алғыс айтып, оның бұл әрекетін көпшілікке өнеге етті.

"Қанша батыр болса да, жауға салма жалғызды. Қанша шешен болса да, дауға салма малсызды деп Ақтамберді жырау айтпақшы, менің де, сенің де Меруерт апайымызға көмегімізді беруге бар жанымыз күйіп тұр! Бірақ, оған қолың қысқа, қалтаң жұқа болған соң ортамызда кім бар еді деп мойын созасың ғой. Осындай да "Мен бармын!" деп оқ болып атылған жалғыз қызымыздың үнін естіп төбем көкке бір-ақ жетті-ау! Жарайсың, Баян!" – деп жазды ол.

Бұған дейін Қазақстанның халық әртісі Меруерт Өтекешова араға 56 жыл салып "Қыз Жібек" фильміндегі әйгілі камзолды қайта көріп, ерекше әсерге бөленгенін жазған едік. Белгілі продюсер Баян Алагөзова актрисаны арнайы үйіне шақырып, құрмет көрсеткен. Кездесу барысында ол Меруерт Өтекешованың қазақ киносы мен мәдениетіне қосқан еңбегін атап өтіп, бағалы сыйлықтар табыстаған.

"Қыз Жібектен" халық жүрегіне дейін: Меруерт Өтекешованың өнердегі ғұмыры

Меруерт Қаратайқызы Өтекешова – қазақ киносы мен театр өнерінде ерекше орны бар көрнекті актрисалардың бірі. Ол 1951 жылы 25 ақпанда Орал қаласында дүниеге келген. Бала күнінен өнерге жақын болып өскен болашақ актрисаның сахна мен кино әлеміне қызығушылығы ерте қалыптасты.

Меруерт Өтекешованың өнердегі үлкен жолы мектеп қабырғасынан басталды. 1968 жылы оған қазақ киносының жауһарына айналған "Қыз Жібек" фильміндегі басты рөл сеніп тапсырылды. Жас актриса сомдаған Жібек бейнесі көрерменнің жүрегінен орын алып, оның есімін бүкіл елге танытты.

Кейін ол Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік мәдениет институтында білім алып, актерлік шеберлігін кәсіби тұрғыда дамытты. Студенттік жылдары КСРО халық әртісі Хадиша Бөкееваның тәлімін көруі оның шығармашылық қалыптасуына үлкен ықпал етті.

Театр сахнасындағы алғашқы елеулі жұмыстарының бірі – Шыңғыс Айтматовтың "Ана – Жер-Ана" қойылымындағы Әлиман рөлі болды. Осыдан кейін актриса көптеген спектакльдер мен фильмдерде жарқын образдар жасап, қазақ өнерінің дамуына зор үлес қосты.

Ол түскен "Ағам менің", "Ұлымның оралуы", "Тентек балалар", "Аждаһа жылы" секілді фильмдер ұлттық кино тарихындағы маңызды туындылардың қатарына енді. Сонымен қатар Меруерт Өтекешова "Қазақфильм", "Мосфильм" және "Қырғызфильм" киностудияларымен жұмыс істеп, кәсіби деңгейін кеңінен мойындатты.

Өнердегі еңбегі жоғары бағаланып, 1982 жылы актрисаға "Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген артисі" атағы берілді. Ол Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанып, кейін "Құрмет" және "Парасат" ордендерімен марапатталды.

Меруерт Өтекешова жұртшылыққа қазақ киносының белгілі актері Құман Тастанбековтің жары ретінде де жақсы таныс. Бүгінде ол ұлттық мәдениетке өлшеусіз үлес қосқан, халықтың зор құрметіне ие өнер майталманы ретінде бағаланып келеді.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары