freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

Пәтер, гауһар сырға, тон, 1 миллион теңге: Баян Алагөзова Меруерт Өтекешоваға қандай құрмет көрсетті? (ВИДЕО)

Қоғам
Пәтер, гауһар сырға, тон, 1 миллион теңге: Баян Алагөзова Меруерт Өтекешоваға қандай құрмет көрсетті? (ВИДЕО)
smartnews.kz коллажы

Қазақстанның халық әртісі Меруерт Өтекешова араға 56 жыл салып "Қыз Жібек" фильміндегі әйгілі камзолды қайта көріп, ерекше әсерге бөленді, деп хабарлайды Malim.kz.

Белгілі продюсер Баян Алагөзова актрисаны арнайы үйіне шақырып, құрмет көрсетті. Кездесу барысында ол Меруерт Өтекешованың қазақ киносы мен мәдениетіне қосқан еңбегін атап өтіп, бағалы сыйлықтар табыстаған.

Продюсер актрисаға тон мен гауһар тасты эксклюзив сырға сыйлап, Алматы қаласынан пәтер алып беруге уәде берген. Кездесу сәтінен түсірілген видео әлеуметтік желіде жарияланды.

Кездесудің ең әсерлі сәттерінің бірі – "Қыз Жібек" фильміндегі тарихи камзолдың актрисаға қайта ұсынылуы болды. Меруерт Өтекешованың айтуынша, ол бұл костюмді соңғы рет 56 жыл бұрын көрген. Өнер иесі киімнің осы уақытқа дейін жақсы сақталғанына таңданысын білдіріп, толқығанын жасырмады.

Баян Алагөзованың сөзінше, камзолдың өлшемдері алынып, дизайнер Аида Кауменовамен бірге жаңа киім топтамасын әзірлеу жоспары қолға алынған. Ал тарихи киімнің кейінгі тағдырын Меруерт Өтекешованың өзі шешеді.

Сондай-ақ продюсер болашақта Қыз Жібек образын "Қазақ аруы" байқауының басты символдарының біріне айналдыру жоспары бар екенін айтты.

Айта кетейік, бұған дейін Баян Алагөзова "Қыз Жібек" фильміндегі түпнұсқа камзол өзінде сақтаулы екенін мәлімдеп, бұл мәселе қоғамда қызу талқыға түскен еді. Кейін ол Меруерт Өтекешоваға өмір бойы ай сайын 1 миллион теңге төлеп тұратынын да хабарлаған.

Бұған дейін тележүргізуші Дана Нұржігіт актриса Меруерт Өтекешованың Майя Бекбаеваға берген сұхбатына қатысты өз ойын білдірген еді. Ол сұхбатты көргеннен кейінгі әсерін жасырмай, өнер иесінің қазіргі жағдайы жүрегіне ауыр тигенін айтты. Сондай-ақ Меруерт Өтекешова мен Құман Тастанбеков арасындағы романтикалық кездесулер туралы қызықты деректі де жазған едік. Сонымен қатар қоғам белсендісі Жолымбек Мәкіш әлеуметтік желіде актриса Меруерт Өтекешованың қазіргі жағдайына қатысты жазба жариялап, көпшіліктің назарын аударған болатын.

Меруерт Өтекешова – ұлттық кино мен театр өнерінің көрнекті өкілі

Меруерт Қаратайқызы Өтекешова – қазақ киносы мен театрында өзіндік қолтаңбасын қалдырған танымал актриса. Ол 1951 жылдың 25 ақпанында Орал қаласында дүниеге келген. Жастайынан өнерге жақын болып өскен Меруерттің сахна мен киноға қызығушылығы ерте оянған.

1968 жылы мектеп бітіргеннен кейін жас актрисаға "Қыз Жібек" фильміндегі басты рөл ұсынылады. Дәл осы туынды оның есімін елге танытып, қазақ киносының жаңа жұлдызына айналдырды.

1969-1973 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік мәдениет институтында білім алып, актерлік шеберлігін шыңдады. Ол оқу барысында КСРО халық әртісі Хадиша Бөкееваның тәлімін көрген.

Театр сахнасындағы алғашқы ірі жұмыстарының бірі – Шыңғыс Айтматовтың "Ана – Жер-Ана" қойылымындағы Әлиман рөлі болды. Кейін актриса театр мен кинода көптеген жарқын бейнелерді сомдап, көрермен ықыласына бөленді. Оның қатысуымен түсірілген "Ағам менің", "Ұлымның оралуы", "Тентек балалар", "Аждаһа жылы" секілді фильмдер қазақ киносының қорынан ерекше орын алды.

Меруерт Өтекешова шығармашылық жолында "Қазақфильм", "Мосфильм", "Қырғызфильм" студияларымен жұмыс істеп, кәсіби деңгейін кеңінен таныта білді.

Өнердегі табыстары ескеріліп, 1982 жылы оған "Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген артисі" атағы берілді. Сонымен қатар ол Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанып, "Құрмет" және "Парасат" ордендерімен марапатталған.

Актриса қазақ киносының белгілі тұлғасы Құман Тастанбековтің жары ретінде де жұртшылыққа жақсы таныс. Бүгінде Меруерт Өтекешова ұлттық мәдениет пен өнердің дамуына өлшеусіз үлес қосқан қадірлі өнер қайраткері ретінде бағаланады.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу