Malim.kz
Қоғам

"Қорғансыз күндерім көп болды": Дариға Бадықова елге айтпаған құпиясын жайып салды

Мадияр Қапанбек
Дариға Бадықова. Видеодан кадр: Youtube/Dina Tolepbergen

Актриса әрі продюсер Дариға Бадықова өзінің жетістікке қалай жеткені туралы айтып, оның артында ұзақ жылғы еңбек, тәуекел мен интуиция тұрғанын жеткізді, деп хабарлайды Malim.kz.

Өнер иесінің сөзінше, қоғамда оның қысқа уақыт ішінде байып кеткені туралы пікірлер айтылады. Алайда актриса мұнымен келіспейтінін атап өтті.

"Бадықова тез байып кетті деген сөздерді естіп қаламын. Ешқандай да тез байыған жоқпын. Осы өнерде 28 жыл еңбек еттім. Жасырмаймын, интуициям алыстан сезеді. Қаншама ұйқысыз түндер болды. Қорғансыз күндерім болды. Барлық шешімді өзім шығарып, "дұрыс па, бұрыс па" деп қорыққан кездерім болды", – деді ол.

Дариға Бадықова табысқа жетуде адалдық пен еңбектің маңызды екенін де айтты.

Оның сөзінше, осы жылдар ішінде өнер арқылы үлкен жолдан өтіп, түрлі жетістікке жеткенін туған елі жақсы біледі.

"Маған берген бақ-дәулетті мойындағыларың келмей ме? Кеудемде жаным бар екенін, осы өнер арқылы біраз жерге барғанымды туып-өскен елім біледі. Мен біреуге бермесем, алмаймын", – деді актриса.

Еске сала кетейік, бұған дейін Дариға Бадықова әлеуметтік желідегі парақшасында жаңа видео жариялап, көпшіліктің назарын аударған еді.

Дариға Бадықова кім?

Дариға Бадықова – қазақстандық актриса әрі продюсер. Ол отандық кино мен телевизияда жарқын образдары, табиғи ойыны және көрерменге жақын кейіпкерлері арқылы кеңінен танылды.

Актрисаның танымалдығын арттырған жобалардың бірі – 2016 жылы көрерменге жол тартқан «Бизнес по-казахски» комедиясы. Фильмде ол Мақпал есімді кейіпкерді сомдап, әзілге жақын, харизмасы айқын образы арқылы көпшіліктің ықыласына бөленді. Кейін Дариға Бадықова аталған кинофраншизаның бірнеше бөлімінде тұрақты түрде бой көрсетті.

«Бизнес по-казахски» жобасының Америка, Африка, Корея, Түркия және Үндістанда өрбитін бөлімдерінде оның кейіпкері де түрлі қырынан ашылды. Мақпал образы уақыт өте келе тек комедиялық кейіпкер ретінде емес, оқиғамен бірге дамып отыратын бейне ретінде қалыптасты.

Дариға Бадықова шығармашылық жолын бір ғана жобамен шектеген жоқ. Ол «Гудбай, мой бай!», «Ва-банк», «Хотя бы кинода 2», «Әкеге апарар жол» секілді бірқатар фильмдерге түсіп, түрлі жанрда өзін сынап көрді. Актрисаның экрандағы басты ерекшеліктерінің бірі – табиғилығы, юморды жеткізе білуі және кейіпкерлерін көрерменге жақын етіп көрсетуі.

Сонымен қатар ол телевизиялық жобаларда да белсенді еңбек етіп келеді. Дариға Бадықова көпшілікке кеңінен танылған «Келінжан» сериалында да рөл сомдап, тележобалар арқылы аудиториясын одан әрі кеңейтті.

Актриса кейінгі жылдары продюсерлік бағытқа да бет бұрды. 2024 жылы «Таптым-ау сені» фильмінің жарыққа шығуына атсалысып, өзін тек актриса ретінде емес, шығармашылық жобаларды жүзеге асыратын продюсер ретінде де таныта бастады.

2025 жылдың 13 желтоқсанында Дариға Бадықова әлеуметтік желідегі парақшасында Forbes Woman журналының бетіне шыққанын хабарлады. Бұл оның өнер мен шығармашылық саласындағы еңбегінің тағы бір көрсеткіші ретінде бағаланды.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары